Мемлекеттік қызметшілер арасында байқау жарияланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекеттік қызмет атқару қоғам тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілер барлық азаматтарға үлгі болуы тиіс.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі алдағы мемлекеттік қызметшілер күніне орай «Қазақстан республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық конкурсын өткізуде.
Аталған конкурс мемлекеттік аппарат қызметкерлерінің бәсекеге қабілеттілігін, әлеуетін дамыту, үздік кәсіби білімі мен дағдыларды таратуды көздейді.
Мемлекеттік қызмет істеір агенттігінің ресми өкілі Ерхан Таткеннің айтуынша, осы жылы короновирус пандемиясына байланысты байқау қашықтық негізде өткізіледі және екі негізгі кезеңнен тұрады:
I кезең –өңірлік (облыстық) деңгейде өткізілетін конкурс. Бірінші кезеңнің жеңімпаздары конкурстың екінші кезеңіне қатысуға ұсынылады.
II кезең – Республикалық байқау комиссиясы өткізетін республикалық деңгейдегі конкурс. Екінші кезеңнің қорытындысы бойынша конкурс жеңімпаздары анықталатын болады.
Талаптарға сәйкес, конкурсқа мемлекеттік қызметтегі өтілі бір жылдан кем емес, әкімшілік және тәртіптік жазалары жоқ мемлекеттік қызметшілер қатысады.
Әрбір қатысушы конкурстың бастапқы кезеңінде «Неге мен Үздік мемлекеттік қызметші атағына лайықпын» тақырыбында өздерінің мотивациялық эсселерін тапсырған болатын.
Мотивациялық эсседе үміткердің кәсіби қызметтегі негізгі жеке жетістіктері, өз қызмет саласындағы проблемаларды шешуге, мемлекеттік органның өзіне жүктелген міндеттер мен функцияларды іске асыру процесіне қосқан жеке үлесі баяндалады.
Конкурсқа құжаттарды қабылдау 2020 жылғы 29 мамырда аяқталған болатын. Конкурсқа қатысу үшін 761 өтініш келіп түскен. Оның 565 – жергілікті атқарушы органдардың, 196-сы орталық мемлекеттік органдар және оның аумақтық департаменттерінің қызметкерлері. Мемлекеттік қызметшілер арасындағы бұл конкурс 2017 жылдан бастап өткізіліп келеді. Осыдан үш жыл бұрын конкурсқа 300-ден астам мемлекеттік қызметші қатысса, биылғы жылы олардың саны 2 есеге артқан, - деп атап өтті Ерхан Таткен.
Жалпы конкурс барысында қатысушылар тиісті рәсімдерден өтуі қарастырылған.
Бүгінде қатысушылар өздеріне берілген кейістік тапсырманы шешуді жүзеге асырып, жауабы бейнеформатта жолданды.
Ал, 8-12 маусым аралығында конкурстың финалистері "Мемлекеттік қызметті жетілдіру: пандемия нәтижесі бойынша мемлекеттік қызметшінің қорытындылары" тақырыбына бейне презентация жолдайды. Бейне жазба ұзақтығы 5 минуттан аспауы қажет.
Республикалық комиссияның отырысы қашықтық форматта 15-19 маусым аралығында өткізіледі. Жеңімпаздар "Жылдың Үздік мемлекеттік қызметшісі" төс белгісімен, дипломмен және естелік сыйлықпен марапатталады.
Толық ақпаратты Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ресми интернет-ресурсынан алуға болады.