Еліміздегі түрмелерде 22 мыңнан астам бейнекамера орнатылған – ІІМ
Елдегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 22 мыңнан астам бейнекамера орнатылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен апталық баспасөз мәслихатында ведомствоның өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді.
Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жыл басынан бері бейнебақылау камераларының көмегімен 3,5 мыңға жуық бұзушылық анықталды.
Бүгінгі таңда колонияларда 22 мыңнан астам бейнекамера орнатылған. Бұл оларда бейнебақылаудан тыс қалған аймақтардың санын толығымен жояды.
Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде үздіксіз бейнебақылауды енгізу құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге және төтенше жағдайлар мен қылмыстарға жол бермеуге бағытталған. Бейнебақылау сонымен қатар жеке басын немесе автокөлігін анықтап қана қоймай, оған қоса оператордың аумақты визуалды тексеру арқылы жасалған құқық бұзушылықты анықтауға мүмкіндік беретін жасанды интеллект жүйесіне ие, - деп атап өтті ведомство өкілі.
Сондай-ақ ол ҚАЖ комитетінде ситуациялық орталық құрылғанына тоқталды.
Оған еліміздегі барлық пенитенциарлық мекемелерінен бейне жазбалар таратылады. Бұл колониялардың тіршілігін бақылауға және бұзушылықтарға тек аймақтық деңгейде ғана емес, комитет деңгейінде де жауап беруге мүмкіндік береді. Қадағалаушы прокурорлар үшін бейнежазбаларды қашықтан қарау мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Нәтижесінде биылғы жылдың бірінші тоқсанында ғана бейнебақылау операторлары ұстау режимінің 3 402 бұзушылығын анықтады, - деді Шұғыла Тұрлыбек.
Айтуынша, былтыр 2 779 бұзушылық болған.
Тыйым салынған заттардың енуінің 4 арнасы анықталды. Арнайы контингенттің 79 қақтығысы мен 9 топтық бағынбауы тоқтатылды. 13 суицид пен 3 қашу фактілерінің алдын алды. Бір жылдың ішінде ҚАЖ мекемелерінде қызметкерлердің заңсыз әрекеттеріне қатысты шағымдар саны 4 есеге азайды. Сонымен қатар мекемелерде үздіксіз бейнебақылауды енгізу контингенттің құқықтық жағдайын жақсартуға және құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алуға бағытталғанына қарамастан, сотталғандар 293 камераны істен шығарды. Ұстау режимін бұзушыларға қатысты келтірілген залалды өтей отырып, 45 тәртіптік жаза қолданылды, 49 сотқа дейінгі тергеу басталды, - деді өкіл.