Облыс жолдарда 12 рет су тасыды – ТЖМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізу, көктем мезгіліндегі ТЖ-ны жою үшін Ақмола және Қостанай облыстарына Павлодар, Қызылорда облыстарынан қосымша күштер мен құралдар жіберілді. Бұл туралы ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.

Жалпы Ақмола облысына Павлодар облысы ТЖД жеке құрамынан 19 адам, 2 бірлік техника, 8 су сору техникасы мен жабдығы жіберілді. Қостанай облысына Қызылорда облысы ТЖД жеке құрамынан 27 адам, 2 бірлік техника, 2 жүзу құралы, 8 су сору техникасы мен жабдығы жіберілді. Бүгін таңертең Павлодар облысы ТЖД күштері мен құралдары Ақмола облысының Қараөткел ауылында авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге кірісті.

Өткен тәулікте көктемгі су тасқынының қауіп-қатерін азайту мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының аумақтарында жергілікті атқаушы органдар мен ТЖМ бөлімшелерінің күштері 574359,6 м3 еріген қар суын сорып шығару жұмыстары жүргізілді. Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында 4309 метр су өткізу арналары мен арықтар тазартылды. Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында инертті материал салынған 7 мыңнан астам қап дайындалды және 4 мыңнан астам қап төселді, - делінген ақпаратта.

Ақмола, Ақтөбе, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының жергілікті атқарушы органдары елді мекеннен 16443 м3 қар шығарды.

Мұз кептелісінің алдын алу мақсатында Қарағанды облысы Нұра ауданының Баршын және Кеңжарық ауылдық округтерінің аумағында үш учаскеде мұзды ұқсақтату жұмыстары жүргізілді.


Профилактикалық жұмыстарды жүргізуге жергілікті атқарушы органдардан, ТЖМ, ІІМ және ЖАО 1097 адам, 333 бірлік техника, 74 бірлік мотопомпа мен 15 жүзу құралы жұмылдырылды.

Өткен тәулікте қардың еруі салдарынан тұрғын үйді су басу фактілері тіркелген жоқ. Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарындағы жолдарда 12 рет судың тасуы болды.

9 сәуірде сағат 20:00-де Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданы Новопокровка ауылында Береговая және Гагарин көшелерін еріген қардың суы басу қаупі болды. 2021 жылғы 10 сәуірдегі сағат 09-дағы жағдай бойынша Бородулиха ауданы Новопокровка ауылындағы су деңгейі түсті. Қардың қарқынды еруіне байланысты үй маңындағы барлық су басқан аумақтардан қазіргі уақытта су кетіп, су басу қаупі сейілді. Бұған дейін 09 сәуірде 36 адам эвакуацияланып, туыстарына орналастырылған. Жұмыстарға барлығы ШҚО ТЖД-ның 37 құтқарушысы және 2 бірлік техника, 1 жүзу құралы және 4 мотопомпа, Семей қаласы № 68303 әскери бөлімінің 19 әскери қызметшісі және 4 бірлік техника, жергілікті атқарушы органдардың 30 қызметкері және 15 бірлік техника жұмылдырылды. 400 дана қап төселді. ШҚО ТЖД құтқарушылары мен жергілікті атқарушы органдар ауылдағы жағдайға мониторингті жалғастыруда, - деп хабарлады ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.

Ақмола облысының Қоянды ауылындағы су астында қалған 3 үйде ТЖД бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдар еріген қардың суын сору жұмыстарын жүргізуде. Су астында қалған үйлердің 10 тұрғыны, оның ішінде 4 бала Нұр-Сұлтан қаласы мен Қоянды ауылындағы туыстарының үйлеріне орналастырылды.

 


 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы