Еліміздегі су қоймаларындағы жағдай қандай

Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте Су ресурстары және ирригация Министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Су ресурстары және ирригация министрлігі тасқын суын өткізу және өзендердің деңгейін реттеу үшін гидротехникалық құрылыстар мен су қоймаларының қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету іс-шараларын жалғастырып жатыр.

Еліміздегі су қоймаларындағы жағдай келесідей:

Қостанай облысында су тасқынының белсенді кезеңі аяқталып, су ағыны төмендеп жатыр. Аймақтағы екі ірі су қоймасы орта есеппен 93%-ға толы. Жергілікті жерде министрліктің және облыс әкімдігінің мамандары бірлесіп су өткізуді реттеу бойынша жұмысты жалғастыруда. Солтүстік Қазақстан облысының екі ірі су қоймасы 100%-ға толды, судың арнасынан шығуы жалғасуда. Есіл өзеніне жанама су ағынының қарқыны төмендеді. Батыс Қазақстан облысында 4 ірі су қоймасы орта есеппен 67%-ға толды, олардың барлығы штаттық кестеге сай жұмыс істеп жатыр, - деді ол.

Шаған өзені деңгейінің көтерілгені байқалады, бүгінде Шаған су қоймасына ағын секундына 700 текше метр.

Жайық өзенінде су тасқынының екінші толқыны күтіледі. Ресейдің жедел мәліметтері бойынша, Иреклі су торабынан су жіберу секундына 1342 текше метрге дейін төмендеді.

Бүгін Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Ресей Су ресурстары агенттігінің басшысы гидротехникалық құрылыстар бойынша бірлескен жұмысты талқылады.

Шығыс Қазақстан облысындағы бес ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 62%, олардың барлығы штаттық кестеге сай жұмыс істеп тұр. Осы аптада мұнда су тасқыны болады деп күтілуде. Барлық жауапты қызметтер максималды дайындық режиміне ауысты. Ақмола облысының екі ірі су қоймасына су жинау көрсеткіші орта есеппен 99%, екі нысан да транзиттік режимде жұмыс істеп жатыр. Су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды. Ақтөбе облысының су қоймаларында да дәл осындай жағдай. Қарағанды облысының 4 ірі су қоймасы толық 100% су жинады, облыста су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды. Су қоймалары штаттық кесте бойынша жұмыс істеп жатыр, - деді Мөлдір Әбдуалиева.

Ол барлық нысанда тәулік бойы кезекшілік жалғасады, сондай-ақ су айдындарындағы ахуалға сағат сайын мониторинг жасалатынын атап өтті.

Сондай-ақ, министрлік мамандары тұрақты түрде объектілерді тексеріп, тасқын суын қауіпсіз өткізу, өзен ағынын реттеу және еріген қар суын су қоймаларына жинау бойынша жұмыстарды жеке қадағалайтындарын айта кеткен жөн, - деді спикер.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: скрин
Өзгелердің жаңалығы