Еліміздегі петроглифтерді тамашалауға жылына қанша турист келеді?
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова депутаттардың еліміздегі тарихи ескерткіштерге қатысты жолдаған сауалына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тарихи ескерткіштері – петроглифтерге қатысты сіздің депутаттық сауалды қарап, келесіні хабарлаймын. Қазақстанда жартасқа салынған бейнелер ескерткіштерінің ең көбі Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Түркістан және Жетісу облыстарында тіркелген. Қазақстанның бірқатар петроглифі халықаралық ескерткіштер мәртебесіне ие. Алматы облысындағы 5 мыңнан аса ежелгі жартасқа салынған бейнесі бар Таңбалы археологиялық ландшафтының петроглифтері 2004 жылдан бастап ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізімінде Қазақстанды паш етіп отыр, - дейді Тамара Дүйсенова.
Оның айтуынша, ескерткіштер ЮНЕСКО тізіміне енген жылы оларды қорғау, басқару және танымал ету үшін «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музейқорығы қатар құрылды.
Тарихи мұраны қорғау және сақтау саласында жұмыс істейтін қызметкерлерге жақсы жағдай жасау, сондай-ақ ескерткішке іргелес тұрған Қарабастау ауылында тиісті инфрақұрылымның болмауы себебінен, 2020 жылы туристерді тарту мақсатында оның аумағында қонақүй бөлмелері және тамақтану блогы бар визит-орталық салынды. Таңбалы петроглифтерін тамашалауға жыл сайын 15 мыңнан астам турист келеді. Сонымен қатар визит-орталық Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Археология және этнология» кафедрасының студенттері үшін оқу-практикалық база ретінде қызмет атқарады, - деді вице-премьер.