Еліміздегі Өзбек Республикасының мәдениет күндері өз мәресіне жетті

Бұл мәдени шараға Өзбекстаннан 100-ге жуық адамнан тұратын Мәдениет министрлігінің, Өнер Академиясының және қолөнершілер одағының шығармашылық ұжымдары келді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Өзбек делегациясының құрамында Өзбекстан батыры және Халық әртісі Муножат Юлчиев, Өзбекстанның халық әртістері:  Жеңісбек Пиязов, Мансұр Ташматов, Махмұд Намазов, Мемлекеттік филармония, Юнус Раджаби атындағы «Маком» ансамблі, «Наурыз»  би ансамблі және басқа да көптеген танымал музыкалық орындаушылар бар.

Бағдарламаға сәйкес, 22 қараша күні Қазақ ұлттық өнер университетінде Өзбекстан Республикасының халық және еңбек сіңірген әртістерінің қатысуымен шеберлік сыныптары өтті.

Сонымен қатар, "Көру қабілеті нашар адамдар үшін қолжетімді орта құру" тақырыбында «Ынтымақ, бірлік, келісім – ең асыл байлық ел үшін» атты дөңгелек үстел өтті.

Екі елдің тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылған іс-шара аясында Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасы мен Өзбекстан Мәдениет министрлігі жанындағы республикалық Орталық зағиптар кітапханасы бірлесіп өзбекстандық жас режиссер Ш.Холиковтың «Шәй» қысқаметражды фильмінің көрсетілімін ұйымдастырды. 2020 жылы өнер саласындағы аса беделді Канн фестивалінде бас жүлдеге ие болған мүмкіндігі шектеулі жандар туралы ерекше форматта дыбыссыз түсірілген фильмді Қазақстанның арнайы кітапханасының студиясы зағип оқырмандар үшін арнайы қазақ тіліне дыбыстандырған нұсқасын ұсынды.

23 қараша күні Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында ҚР Мәдениет және спорт министрі Абаев Дәурен Әскербекұлының қатысуымен  Өзбекстанның мәдениет және өнер өкілдерінің  мерекелік Гала-концерті өтті.

Сонымен қатар, аталған театрдың фойесінде, Өзбекстанның ұлттық қолөнер және бейнелеу өнері үлгілерінің композициялық көрмесі ұйымдастырылды.

Айта кету керек, бұл іс-шараның екі жақты маңызы бар, өйткені 23 қарашада  Өзбекстан Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы