Еліміздегі орыстілді балабақшалар жабылатыны рас па?
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев барлық мемлекеттік балабақшаның қазақ тіліне көшуіне қатысты жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, бүгінгі таңда мемлекеттік балабақшалардың басым көпшілігі – қазақтілді.
Біз қазіргі уақытта талдау жүргізіп жатырмыз, кейінірек нақты ақпаратты тарататын боламыз. Бірақ орыстілді балабақшаларды жабу мәселесі ешқашан болмайды. Біз мемлекеттік тілде оқытуды күшейтеміз, - деп түсіндірді ведомство басшысы Үкімет отырысынан кейін кулуарда тілшілерге берген сұхбатында.
Сонымен қатар ол бүгінде елде 11 мың балабақша болса, оның жартысы – мемлекеттік тілде деп отыр.
Біз қазақ тіліндегі балабақшаларға қажеттілік пен сұраныстың артқанын көріп отырмыз. Балабақша ұйымында мемлекеттік тілде ғана проблема жоқ, тәрбиешілер де жеткілікті, сұраныс та бар. Мемлекеттік тілде балабақшалардың ашылуы – табиғи заңдылық, - деді министр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ғани Бейсембаев енді оқушылардың шетелге рұқсатсыз шығуына тыйым салынуы мүмкін екендігін айтқан болатын.