Еліміздегі өнеркәсіп өндірісі 3,1% өсті
2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында өнеркәсіп өндірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,1% артты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық статистика бюросының мәлімдеуінше, биылғы жылдың тоғыз айында өндірілген өнеркәсіп өнімінің жалпы сомасы 36 003,3 млрд теңгені құрады, оның ішінде тау-кен өндіру саласында – 16 463,9 млрд теңге (жалпы көлемнің 45,7%), өңдеу саласында – 17 055,9 млрд теңге (47,4%).
2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында тау-кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді қазуда өсім 1,2% құрады. Бұл табиғи газ өндірудің (3,4%-ға) және металл кендерін өндірудің (7,7%-ға) артуымен байланысты.
Өңдеу өнеркәсібінде 2024 жылдың есепті кезеңіндегі көрсеткіш 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,8% өсті. Мұнда химиялық өнеркәсіп өндірісі – 9,5%, негізгі фармацевтикалық өнімдер мен дәрілік препараттар – 15%, металлургия – 8,3%, машиналар мен жабдықтарды қоспағанда дайын металл бұйымдары – 31,1%, машина жасау – 4,2%, басқа дайын бұйымдар – 1,5 есе өсті.
Өндіріс көлемінің артуы республиканың 13 өңірінде тіркелді, ал Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында төмендеу байқалды.