Еліміздегі МЖС аясындағы жобалардың 23% Шығыс Қазақстанға тиесілі
Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздегі барлық мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясындағы жобалардың 23%-ы Шығыс Қазақстанға тиесілі. Қазіргі уақытта облыс инвестиция тарту бағытында Еуропалық Даму банкімен тығыз байланыста жұмыс істеуде.
«Елбасымыз алдымызға инвестиция тарту жөніндегі міндеттер қойып отыр. Шығыс Қазақстан бұл бағытта қарқынды жұмыс істеуде. Бізде Еуропалық Даму банкінің президенті болып қайтты. Онымен 17,5 млрд теңгеге келісімшарт жасастық. Аталмыш келісім аясында Жарма ауданында күн электр станциясы салынады», - деді облыс әкімі Даниал Ахметов тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуінде.
Жобалық қуаты 30 мегаватт болатын Жарма ауданындағы жаңа күн электр станциясын салу жөніндегі келісімшарт 2018 жылдың қараша айында Қытайдың Бейжің қаласында өткен «Орталық Азия инвестфорумы» аясында жасалған болатын. Жалпы ауданы 66 гектар аумақты алатын күн электр станциясының қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздемесі дайын.
Бұдан бөлек, ШҚО әкімдігі түрлі қаржылық институттармен де тығыз байланыста. Соның бірі ретінде Татарстан Республикасы басшылығы өкілдерінің жақында өңірге ат басын бұруын айтуға болады. Кездесу барысында қос тарап арасында өндіріс, қаржы, мәдениет және туризм салалары бойынша бірқатар келісімшарт бекітілді.