Еліміздегі медавиация күніне қанша рет көкке көтерілетіні айтылды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда өткен брифингте ҚР ДСМ «Шұғыл медицинаны ұлттық үйлестіру орталығы» басқарма төрағасының орынбасары Ғұмырбек Ағыбаев жаңа технологиялардың арқасында жұмыс тиімді бола түскенін хабарлады.


Оның айтуынша, медавиция науқастарды тасымалдаумен айналысады, операциялар жүргізеді, донорлық органдар мен биоматериалдарды жеткізеді. Орташа алғанда тәулігіне 3-тен 15-ке дейін ұшу жүзеге асырылады екен.

Ғұмырбек Ағыбаев қызметкерлердің әрбір кезекшілігінде адам өмірі құтқарылатынын атап өтті. Дәл осы медициналық авиация маршруттың қиындығына қарамастан, көмекке мұқтаж жерлерге ұшып бара алады. Барлық ұшақтар мен тікұшақтар жоғары технологиялық заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған.

Ұшулардың ең көп үлесі жарақат алған жағдайда, әдетте ЖКО себебінен, сондай-ақ балалар мен жаңа туған нәрестелердің патологиялары, қан айналымы жүйесінің аурулары, акушерлік-гинекологиялық, хирургиялық, терапиялық және басқа аурулар кезінде медициналық көмек көрсету үшін жүзеге асырылады, - дейді басқарма төрағасының орынбасары.

Қазіргі уақытта медициналық авиация қызметі 24 ұшақ пен 13 тікұшақты пайдаланады, олардың барлығы Қазақстан Республикасының Азаматтық авиация комитетінде сертификатталған.

2011 жылдан бастап 2021 жылғы қарашаға дейінгі қызметтің барлық кезеңінде медициналық авиациямен 20 481 ұшу орындалды. Бұдан басқа, пациенттің орналасқан жері бойынша медициналық бұйымдардың немесе тиісті біліктілігі бар мамандардың болмауы себебінен Азаматтық авиацияның тұрақты рейстерінің әуе кемелері жергілікті жерлерде күндізгі консультациялық және жедел көмек көрсету үшін 152 ұшуды орындады. Сондай-ақ донорлық органдарды алу және тасымалдау үшін 75 ұшу жүзеге асырылды. Қазақстан Республикасының азаматтарын және қандастарды еліміздің шетелде қиын жағдайдағы клиникаларына тасымалдау мақсатында әлемнің 24 еліне 92 шетелдік ұшу орындалды,-деді Ағыбаев.

Сонымен қатар ол он жыл ішінде 25 155 азаматқа көмек көрсетілгенін, 29 620 медициналық қызмет орындалғанын атап өтті. Оның ішінде: медициналық мекемелерге 19 643 пациент тасымалданған, 1546 операция, 4258 күндізгі консультациялар өткізіліпті. Сондай-ақ ол, әр ұшудың артында уақытылы шұғыл медициналық көмек көрсетілген адамдардың тағдыры тұратынын атап өтті.

Медициналық авиация мамандары пациенттерге қашықтықтан кеңес берумен айналысады. Нұрсұлтан және Алматы қалаларының сарапшы-дәрігерлері, реаниматологтар, акушер-гинекологтар, инфекционистер, пульмонологтар, кардиологтар, нефрологтар 2021 жылдың 11 айында 1775 қашықтықтан медициналық қызмет көрсетті. Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының ахуалдық орталығы осы кезеңде сыни пациенттер үшін 215 802 консультация өткізді,-деді ол.

Сөзінің соңында Ғұмырбек Ағыбаев «әуедегі жедел жәрдем» қызметі әлемнің бірқатар елінде жоқ екенін, тек жекелеген елдерде халыққа медициналық авиация  тегін көмек көрсететінін атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы