Еліміздегі кеден мен шекарада WiFi пайда болады
Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев шекара және кеден бекеттеріндегі интернет мәселесі қалай шешілетінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің мәліметінше, бүгінде елімізде 102 өткізу пункті жұмыс істейді. Олардың көпшілігі байланыспен қамтамасыз етілген. “Қолжетімді интернет” ұлттық жобасының шеңберінде олардың ішінде 38-іне талшықты-оптикалық байланыс желілерін жүргізу, барлық пунктті Мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік желісіне қосу, сондай ақ бақылау камераларын пункттерден Астанадағы Бірыңғай мониторинг орталығына шығаруды қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Сонымен қатар спутниктік интернетті қоса алғанда, қоғамдық WiFi нүктелерін орналастыру жоспарда бар.
Ал 2026 жылы 50 өткізу пунктін ұялы байланыспен қамтамасыз ету, бұл шекарадағы цифрлық инфрақұрылымды айтарлықтай күшейтеді. Жалпы еліміз бойынша интернет-инфрақұрылымды дамыту жөнінде жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр, - деді Жаслан Мәдиев.
Мынадай жұмыстар атқарылып жатыр:
- "соңғы миль" жобасын қоса алғанда, магистральдық және аймақтық ТОБЖ салынуда;
- қалалар мен облыс орталықтарында 5G енгізе отырып, мобильді байланыс дамуда;
- халықаралық серіктестермен бірлесіп, спутниктік интернет жобалары іске қосылуда;
- Қазақстанның өңірдің цифрлық хабы ретіндегі рөлін нығайтатын ТОБЖ транзиттік маршруттары іске асырылуда.