Еліміздегі іскер әйелдер туралы онлайн кітапхана жасалады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Әлеуметтік және гендерлік зерттеулер институты Қазақстанның іскер әйелдері туралы онлайн кітапхана жасақтауда. Ол Википедия желісінде орналастырылмақ.

Оқу орнының баспасөз қызметінің мәліметінше, жоба Нидерланды Корольдігінің елшілігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.

Аталған мемлекеттің Қазақстандағы Елшісі Андре Карстенс Қыздар университетіне жасаған сапары аясында оқу орнының Стратегиялық даму және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Ләззат Булебаевамен кездесіп, ынтамақтастықты дамыту жайын талқылады. Атап айтқанда, тараптар әйелдер мен қыздардың әлеуетін арттыру және мүмкіндіктерін кеңейту, олар жайлы интернет кеңістігінде ақпарат тарату жайын қаузады. Сонымен қатар аталған бірегей жобаның маңызы туралы да айтылды.

«Бұл жобаның Қазақстан үшін пайдасы көп деп ойлаймын. Басты мақсат – есімі көпшілік үшін беймәлім десе де өз саласы бойынша жетістікке жеткен нәзікжандыларды кеңінен насихаттау, интернет кеңістікте олар туралы ақпаратты қолжетімді ету. Онлайн кітапханадағы мәлімет қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде жарияланбақ», – деді Ләззат Булебаева.

Өз кезегінде Андре Карстенс екі ел арасындағы ынтымақтастық жайы туралы әңгімелеп, Нұр-Сұлтан мен Амстердам арасындағы тұрақты байланыс деңгейінің өсіп отырғандығын ерекше атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы