Еліміздегі бассейндерде қауіпсіздік күшейтіледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бассейндерге қадағалау күшейеді. Бұл туралы 24kz сайты хабарлайды.
Елордадағы бала өліміне алып келген оқиғадан кейін аймақтық төтенше жағдайлар департаменті қауіпсіздік шараларын қатаң қолға алды. Жалпы Ақмола облысында көпшілікке арналған 20 шақты бассейн бар. Олардан бөлек шағын шомылу орындары да жеткілікті. Қазіргі уақытта барлық суда жүзетін орындардың иелеріне қауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде арнайы хат жолданған. Айта кетерлігі, құтқарушылар, балаларды жүзуге тегін үйретіп келеді. Жыл басынан бері 400-ден астам мектеп оқушысы жүзудің қыр-сырын меңгерген. Сондай-ақ мамандар балаларды ғана үйретіп қоймай, жеке бассейндердегі жаттықтырушылардың да біліктілігін арттыруға ден қойып отыр.
«Бассейндерден бөлек су айдындарындағы қауіпсіздік те басты назарда. Мәселен, бізде облыс бойынша 754 су қоймасы болса, олардың 60-тан астамында ресми жағажай бар. Ал олардың 23-інде құтқару бекеті орналасқан. Яғни ол жерлерде кәсіби және қоғамдық құтқарушылар жұмыс істейді. Құтқару бекеттерінің санын алпысқа жеткізуді жоспарлап отырмыз», - дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қанат Доспаев.