Еліміздегі бас шыршаның шамдары жағылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ЭКСПО іскерлік орталығының аумағында қалыптасқан дәстүр бойынша еліміздің бас шыршасының шамдарын жағу салтанаты өтті.

Бас шыршаны Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, "Елордама арнадым" халықаралық конкурсының гран-при иегері Сәния Жолжақсынова, математика бойынша халықаралық олимпиаданың жүлдегері Нұрахмет Мұхтияр және шайбалы хоккейден балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің үздік тәрбиеленушісі Артемий Пермяков жақты.


Елордамыз сіз бен біздің арқамызда күн сайын көркейіп, жыл сайын жанданып келеді. Оның дамуына әрқайсыңыз үлес қосып келесіз. Мыңдаған жастарымызға жол ашылды. Аяқталып келе жатқан жылда қаламызда жаңа нысандар бой көтеріп, мектептер мен балабақшалар салынып, көптеген тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Бұл біздің ортақ жетістігіміз. Жаңа жыл қарсаңында әрқайсыңызға бақыт пен табыс тілеймін. Кішкентай балаларымыздың армандары орындалып, үлкендердің үмітін ақтасын, - деді қала әкімі. 


Бас шыршаның биіктігі 25 метр. Салтанатты рәсімнен кейін қаладағы барлық жаңа жылдық шыршалардың шамдары жағылды. Ал ЭКСПО-ға жиналған қауым үшін қазақстандық әртістердің қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. 



Айта кетейік, енді қала тұрғындары мен қонақтары үшін арнайы мұз қалашықтары мен айдындары жұмыс істейтін болады. Қала бойынша барлығы 50-ден астам жаңа жылдық шырша, 30 мұз төбешігі, 20 мұз айдыны және 6 хоккей алаңы орнатылған. Олардың басым бөлігі жеке ұйымдар мен кәсіпкерлердің қаражатына салынған.








Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы