Еліміздегі барлық онкологиялық орталықта ашық есік күні өтеді

Қаңтар айы – жатыр мойны обырының алдын алу айлығы саналады. Жатыр мойны обырының алдын алу айлығы аясында еліміздегі барлық онкологиялық орталықта 27 қаңтарда ашық есік күні өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

24.kz-тің мәліметі бойынша әлемде жылына 600 мың әйелге осындай диагноз қойылады екен. Өкінішке қарай, соның жартысы қайтыс болады. Елімізде осы дерттен көз жұматындар саны бірінші орында тұр.

Онда нәзік жандылар тегін тексеруден өтіп, мамандардан кеңес ала алады. Елімізде күн сайын орта есеппен бір әйел жатыр мойны обырының құрбаны болады. Жылына 2 мыңнан астам нәзік жандыдан осы дерт анықталады екен.

Дерттің алдын алу үшін екпе алып, тұрақты тексеруден өтіп тұру керек. Елімізде мұндай тәжірибе 10 жылдан бері тұрақты жүргізіліп келеді.

30 бен 70 жас аралығындағы әйелдер еліміздегі барлық емханаларда жатыр мойны обырына тегін тексеруден өте алады. Ал екпе егу қыркүйектен басталады. Мектептерде 11 жасқа толған қыздарға екпе саламыз. Ол тегін және тек ата-анасының рұқсатымен жүргізіледі, - дейді ҚР ДСМ штаттан тыс бас онкологы Диляра Қайдарова.

Жатыр мойны обырымен күресте дәрігерлер белсенді болғанымен адамдардың қолдауы мен жауапкершілігі маңызды екендігін айтады мамандар. Мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар осы дерт туралы жиі ақпарат беріп, алдын алу жолдарын айтып отырады. Мысалы, жақында Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бірлесе жатыр мойны обырымен күрес декларациясына қол қойған.

2023 жылы онкологиялық аурулармен күрестің кешенді жоспары бекітілді. Соның аясында жатыр мойны обырын тексеру тәсіліне өзгерістер мен түзетулер енгізілді. Енді 35-55 жас аралығындағы әйелдерде адам папиллома вирусының бар-жоғы анықталады. Сол арқылы қауіпті дертке шалдығуды азайтамыз, - дейді «Қазақ онкология және радиология» ҒЗИ бөлім меңгерушісі Алма Жылқайдарова.

Дәрігерлер жатыр мойны обырымен күресте жұрт болып жұмылу керек дейді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: архив
Өзгелердің жаңалығы