Еліміздегі ақылы жолдардан 2 млрд-тан астам төлем түскен

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде елімізде 682 шаршы шақырымнан астам ақылы жол бар. Олар – Нұр-Сұлтан-Щучинск, Нұр-Сұлтан-Теміртау, Алматы-Қорғас, Алматы-Қапшағай. Аталған ақылы төрт жол учаскесінен бүгінге дейін 2 млрд 781 млн теңге төлем түскен. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн баспасөз конференциясында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов мәлім етті. 

Жыл соңына дейін Қазақстанда тағы 5,83 шақырым жолды ақылы ету көзделіп отыр. Комитет төрағасының айтуынша, алдағы алты жылда "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында ақылы жолдардың көлемін 45 пайызға жеткізу жоспарланған. 

2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында елімізде 5,5 триллион теңгенің 112 жобасын жүзеге асыру көзделген. Бағдарлама соңына дейін 1 мыңнан астам республикалық маңызы бар жолдарды жөндеу, жол бойындағы сервисті 100% көрсеткішке жеткізу, бірінші, екінші техникалық санаттағы жолдардың сапасын 60%-ға жақсарту жоспарланды. Биыл аталмыш бағдарламаның іске асырылуының алғашқы жылы. Осы күнге дейін оның аясында 9800 шаршы шақырым жол жөнделді. Биыл республикалық маңызы бар жолдың 1,1 мың шаршы шақырымы жөнделмек, - деп атап өтті Сайранбек Бармақов. 

Сондай-ақ, ол пандемияға байланысты наурыз-сәуір айларында құрылыс жұмыстарының қарқыны бәсеңдегенін алға тартты. Жұмыстар мамыр айында жанданып, құрылысшылардың сақтық шараларына жете мән берілген. Төрағаның сөзінше, олардың барлығы жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы