Еліміздегі 10 323 дауыс беру уческесі жұмысын бастады

Елімізде АЭС салу мәселесі бойынша жалпыұлттық республикалық референдум басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

6 қазан күні таңғы сағат 7.00-ден кешкі 20.00-ге дейін референдум өтеді. Елімізде дауыс беру құқығына ие 12 176 968 адам бар.

Дауыс беру учаскелері сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін ашық болады.

Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, дауыс беруге арналған 10 323 учаске, оның ішінде 59 шетелдегі мекемелер жанынан ашылған 74 референдум учаскесі жұмыс істейді.

Республикалық референдумға 30 шет мемлекеттен 75 және 4 халықаралық ұйымнан 102 байқаушы ресми түрде қатысып жатыр. Барлығы 177 байқаушы бар. Дауыс беру нәтижелері 7-12 қазан аралығында жарияланады.

Еске сала кетейік, осыған дейін елімізде референдум 3 рет өткізілді.

Алғашқы екеуі 1995 жылы ұйымдастырылған еді. Сәуірде Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту, ал тамызда жаңа Конституцияны қабылдау бойынша өтті.

Ал соңғы референдум 2022-ші жылдың 5 маусымда өтті. Онда «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы «2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген тұжырымдағы сауал қойылып, республикалық референдумға шығарылды.

2022-ші жылы 7 маусымда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумның қорытындылары жарияланды. Елдің барлық өңірлерінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың 77,18 пайызы немесе 6 миллион 163 мың 516 адам конституциялық түзетулерді жақтап, дауыс берді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ архив
Өзгелердің жаңалығы