Елімізде жылу желілерінің тең жартысы тозған
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев еліміздегі жылу желілерінің тең жартысы тозғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сәйкес жылу желілерінің жалпы ұзындығы шамамен - 13 мың шақырым.
Жылу желілерінің 53%-ы тозған және шамамен 7 мың шақырым ауыстыруды қажет етеді. Атап айтқанда, жылу желілерінің Павлодар облысында (Екібастұз – 91%, Павлодар – 83%), Ақмола облысы (Степногорск – 82%, Атбасар-76,5%), Солтүстік Қазақстан облысы (Петропавл-74%), Қостанай облысы (Арқалық – 68%, Рудный – 68%), Маңғыстау облысы (Ақтау – 71%) және Қарағанды облысы (Теміртау – 67%) тозығы жеткен, - деді Қанат Шарлапаев үкімет отырысында.
Министрдің сөзінше, 2030 жылға дейін жылу желілерінің тозуын 43%-ға төмендету керек.
Жыл сайын шамамен 350 шақырым жылу желілерін жөндеу қажет. Оған жылына шамамен 250 млрд теңге қаражат керек. Өткен жылы қаржыландыру көздері есебінен 336 шақырым жылу желілері жаңғыртылды, - дейді Шарлапаев.
Бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов кейбір өңірдің жылыту маусымына дайын емес екенін айтты.