Елімізде жылу ертерек беріле ме? - вице-министр жауап берді
Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов елімізде жылу ертерек берілуі мүмкін бе деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, ол үшін орташа тәуліктік температура +8 градустан төмен болуға тиіс.
Жергілікті атқарушы органдар осы ережелерді ұстанады. Бірақ бұл ұсыныс қана. Әрбір жергілікті атқарушы орган жылыту кезеңін ертерек бастауға құқылы. Мысалы, Павлодарда әлеуметтік нысандарда бір апта бұрын жылу беріле бастады. Қазіргі кезде басқа қалаларда да шешімдер қабылдануда, - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Вице-министр қазандықтар мен турбиналардың жылыту маусымына дайын екенін айтты.
Оның айтуынша, тиісті жұмыстар жүйелік оператормен бекітілетін кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.
Биыл электр станцияларында 10 энергоблокта, 55 қазандықты және 45 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Сондай-ақ осы жылы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі кезде тиісті жұмыстар аяқталып келеді. Электр желілері бойынша да осындай жоспар бар. Жылыту маусымын бастауға қазандықтар мен турбиналар дайын. Мысалы, Павлодар облысында әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастады. Бұл барлық құралдардың дайындығының дәлелі, - деді Сұңғат Есімханов.