Елімізде жылу электр станцияларының 50 пайыздан астамы тозған
Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған арнайы комиссия аясында жылу электр орталықтарының (ЖЭО) техникалық жай-күйі бойынша талдауды аяқтағанын айтты.
Бүгінгі таңда елімізде бәрі 37 жылу электр орталығы жұмыс істейді, оның ішінде қызыл аймаққа – 19, сары аймаққа – 11 және жасыл аймаққа – 7 ЖЭО кірді. ЖЭО жабдықтарының орташа тозуы 66 пайызға жеткен, – деді ведомства басшысы.
Ақшолақовтың сөзінше, Орал, Степногорск, Тараз, Қызылорда, Кентау қалаларында ЖЭО 80 пайызға дейін тозған.
Елдің ЖЭО-ның орташа жасы – 61, оның ішінде ЖЭО-ның шамамен 76 пайызы 50 жылдан астам жұмыс істеген. 2021 жылдың қорытындысы бойынша электр станцияларындағы авариялық ажыратулар саны 2020 жылмен салыстырғанда 5 пайызға артты. Қызыл аймақтағы ЖЭО үшін келесі жылыту маусымынан өту кезінде тәуекелдерді азайту үшін негізгі жабдыққа күрделі жөндеу жүргізу, 98 қазандықты, 54 турбинаны реконструкциялау, жаңғырту көлемі айқындалды. Бенчмаркинг аясында жүргізілген алдын ала есептеулер бойынша аталған жұмыстарды орындау үшін 182 млрд теңге көлемінде қаржыландыру қажет, іске асыру мерзімі – 2023 жыл, – деді Ақшолақов.