Елімізде жыл сайын 500-ден астам баладан онкогематологиялық дерт анықталады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді.
Оның айтуынша, республикада неонаталдық хирургия белсенді түрде дамып келеді.
Елімізде неонаталдық хирургия белсенді түрде дамып келеді. Орташа есеппен жыл сайын 1500 нәрестеге хирургиялық коррекция, оның ішінде аз инвазивті, бейне-эндоскопиялық сынды инновациялық әдістермен жүргізіледі. Эндоскопиялық технологияларды қолданумен жасалатын операциялардың саны 19,0%-дан бастап 22,0%-ға дейін ұлғайды, тиімділік 88,6%-ды құрады. Балаларға жүргізілетін кардиохирургиялық араласулардың саны 2562-ге дейін ұлғайды. Интервенциялық кардиологияның заманауи әдістері енгізілді, - деп атап өтті министр.
Сонымен қатар туа біткен жүрек ақауын жедел емдеу тиімділігі 97,1%-ды құрайды.
Балаларға онкогематологиялық көмекті дамытуға көп көңіл бөлінеді. Елдегі балаларға онкогематологиялық көмекті жетілдіру жөніндегі 2022-2024 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. Жылына орташа есеппен 500-600 бала анықталады, 33%-ы – 3-10 жас аралығындағы балалар. Соңғы бес жылдың ішінде 284 балаға гемопоэздік дің жасушаларын трансплантаттау жүргізілді. Соңғы жылдары балалардың 5 жылдық өмір сүру көрсеткіші 74,6%-ға дейін өсті. 2025 жылға қарай 76%-ға дейін ұлғайту күтіліп отыр, - деді ведомство басшысы.