Елімізде жыл сайын 4 мың табиғи өрт тіркеледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ОКҚ-де өткен брифингте Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов айтты.
Жыл сайын елімізде шамамен 4 мың табиғи өрт, оның ішінде 500 орман өрті және 3 500 дала өрті болады. Көбінесе өрттің ауданы 180 мың гектардан асады, ал келтірілген залал 200 млн теңгені құрайды, - деді ол.
Қазгидрометтің болжамына сәйкес екінші тоқсанда ауа райы +25ºС-қа, ал оңтүстік өңірлерде +30ºС-қа дейін ыстық күтіліп отыр. Ел аумағының басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормадан төмен болады, бұл өрт қауіптілігінің деңгейін жоғарылатады.
Заңнамаға сәйкес дала өрттерін сөндіру әкімдіктердің құзыретіне кіреді, ал орман өрттерін жою жергілікті биліктің және Экология министрлігінің табиғатты қорғау мекемелерінің өзара жауапкершілігінде, - деп атап өтті Нұрболат Дербісов.
Оның сөзінше, министрлік әкімдіктермен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, алдын алу шараларының жоспарын бекітті.
Ведомствоаралық жоспарға сәйкес профилактикалық іс-шаралар іске асырылып жатыр. Өңіраралық сипаттағы орман-дала өрттерін жоюдың үкіметтік жоспарында көзделген күштер мен құралдар қайта қаралып, шамамен 43 мың адамды қамтыды, 9 мыңнан астам техника бірлігі, су ағызу құрылғылары бар 10 тікұшақ және 46 өрт сөндіру пойыз қамтылды, - дейді комитет төрағасы.
Ол атап өткендей, министрлік ірі өрттерді 14 тәулікке дейін автономды режимде сөндіруді жүзеге асыруға қабілетті мемлекеттік өртке қарсы қызметтің жиынтық жасақтарын жергілікті жерлерде қосымша құрды.
Барлық өңірлерде табиғи өрттерді уақтылы анықтау үшін «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-мен ғарыштық мониторинг бойынша шарттар жасалды.
Сонымен қатар орман қорын күнделікті патрульдеу және табиғи өрттерді жедел сөндіру үшін ТЖМ және Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің авиациялық техникасын орналастыру жүргізіледі.