Елімізде жыл сайын 36 мыңнан астам адам атеросклероздан қайтыс болады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы елордада атеросклероз бен кардиология саласы мамандарының қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан кардиологиялық қоғамы басқармасының төрайымы Сәуле Әбсейітова мәлімдеді.
Оның айтуынша, холестерин деңгейінің көбеюі – организмге өте қауіпті.
Холестерин деңгейін салауатты өмір салтын ұстану және дұрыс тамақтану арқылы төмендетуге болмайды. Көптеген науқастар үшін бұл жеткіліксіз. Әрбір нақты науқасқа профилактика немесе емдеу бойынша қажетті ұсынымдар мен препараттарды оның ілеспе аурулары мен жалпы жай-күйін ескере отырып, дәрігер ғана таңдай алады, - деп нақтылап өтті дәрігер.
Айтуынша, ДДСҰ барлық елдерді атеросклероз проблемасына назар аударуға және оның алдын алу мәселелерін денсаулық сақтау жүйесі саясатының негізгі басымдығы ретінде қоюға бірнеше жылдан бері шақырып келеді.
Ал статистика деректеріне сүйенсек, 2020 жылы елімізде қан айналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 100 мың тұрғынға шаққанда 193,79 адамды құраған. Басқаша айтқанда, атеросклероздан республикада бір жылда 36 мыңнан астам адам қайтыс болады. Бұл сан әлі де өсіп жатыр.
Алайда атеросклероздан болатын өлім-жітім мен асқынуды едәуір төмендетуге болады. ДДСҰ сарапшыларының пікірінше, жүрек-қантамырлар аурулары асқынуларының 85%-ын салауатты өмір салтын ұстану, уақтылы тексерілу және қауіп факторларын анықтау, ерте аурудың алдын-алу және емдеу, қандағы «жаман» холестерин деңгейін төмендету арқылы болдырмауға болады
40 жастан асқан адамдар екі жылда бір рет жүрек-қантамырлары ауруларына тексеруден өтуі керек. Ол емханаларда тегін жүргізіледі. Бұл сізді ештеңе мазаламаса да маңызды. Себебі мұндай скрининг, тіпті диагноз болмаса да, алдағы 10 жыл ішінде аурудың пайда болу қаупін анықтауға көмектеседі. Егер холестерин жоғары болса, онда сізге профилактикалық ем тағайындалады, - деді Сәуле Әбсейітова.