Елімізде жыл сайын 3 мыңдай азамат медициналық авиация қызметіне жүгінеді
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы» ШЖҚ РМК медициналық блогының меңгерушісі Назигүл Ырымбаева өңірлік коммуникация алаңында өткен брифингте науқастарды медициналық авиация желісі бойынша тасымалдау қағидалары туралы айтты.
Н. Ырымбаеваның айтуынша, 2011 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан медициналық авиация қызметі азаматтар үшін тегін. Елімізде жыл сайын 3 мыңдай азамат медициналық авиация қызметіне жүгінетін көрінеді.
Жолы нашар шалғай елдімекендердегі азматтардың көлікпен тез жету мүмкіндігі болмаған жағдайда және шұғыл медициналық қызмет қажет болған кезде медициналық авиация тартылады. Сондай-ақ, медициналық авиация нысанындағы медициналық қызметтер шетелдік медициналық ұйымдарда ауыр халдегі, медициналық алып жүруді қажет ететін, жай-күйі Азаматтық авиацияның тұрақты рейстерін жерүсті көлігімен және әуе кемесімен тасымалдауға мүмкіндік бермейтін Қазақстан Республикасының азаматтарына және қандастарға көрсетіледі,-дейді ол.
Сонымен қатар ол медициналық авиация жұмысы қандай бағыттарда жүргізілетінін айтып берді.
Егер пациент тасымалдауға жарамайтын, ауыр халде болған жағдайда өңірлік дәрігерлер қажетті әдістемелер мен біліктілікке ие болмаса, орнында консультациялар немесе операциялар жүргізу үшін мамандардың ұшуы. Пациенттерді мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін өңірлерден облысқа, облыстан республикалық орталыққа тасымалдау, онда оларға жоғары технологиялық көмек көрсетіледі. Донорлық органдар мен биоматериалды тасымалдау. Қашықтан медициналық қызмет көрсету кезінде де медициналық авиация тартылады,-деді Ырымбаева.
Елімізде қазір 37 бірлік әуе кемесі – 24 ұшақ және 13 тікұшақ пайдаланылады екен, олар республика өңірлерінің барлық облыс орталықтарында орналасқан. Пайдаланылатын барлық әуе кемелері Қазақстан Республикасының Азаматтық авиация комитетінде сертификатталған.
Медициналық авиация қызметі COVID-19 коронавирустық инфекциясымен күрес аясында 2020 жылдың наурызынан 2021 жылдың 9 айына дейін 249 ұшу жүзеге асырды, 1160 науқасқа көмек көрсетілді. Көрсетілген медициналық қызметтер – 1737,-деді маман.
Сондай-ақ ҰШМҮО Ахуал орталығы 2021 жылдың 9 айында ауыр халдегі пациенттерге 182 872 консультация берген.