Елімізде жолдары ең нашар өңірлер аталды

Қазақстанда жолдары ең нашар облыстар тізімінде Абай, Ұлытау және Батыс Қазақстан облыстары көш бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Finprom.kz мәліметінше, Қазақстанда жол құрылысына салынған инвестициялар 43%-ға өсті. 2023 жылдың қаңтар-қазан айларында автомобиль және темір жол құрылысы саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар 274,1 млрд теңгеге жетті. Бұл бір жыл бұрынғы кезеңге қарағанда 42,5%-ға артық.

Инвестициялардың басым бөлігі автомобиль жолдарын салуға жұмсалды: 226,1 млрд теңге, жылдық өсім — 23,4%. Оның ішінде жолдар мен автомагистральдар салу секторына салынған инвестициялар 170,6 млрд теңгені құрады. Ал халықаралық және республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының құрылысын, реконструкциясын, жөндеуін, ақылы қозғалысын және күтіп-ұстауын ұйымдастыру жөніндегі қызмет саласына - 55,5 млрд теңге қарастырылды.

Темір жолдар мен метро құрылысына 48 млрд теңге бөлінді. Бір жыл бұрын дәл осы салаға 9,1 млрд теңге қаражат жұмсалған. Бұл ретте жылдық өсім - 5,3 есе өсімді көрсетіп тұр.

Өңірлік бөліністе жол құрылысына салынған инвестициялардың ең көп көлемі Қарағанды облысында тіркелді: 62 млрд теңге. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 5,9 млрд теңге шамасында болған. Өсім - 10,6 есе өсімді құрап отыр. Екінші және үшінші орындарда Жетісу (58 млрд теңге) және Батыс Қазақстан (33,7 млрд теңге) облыстары тұрақтады. 

Осы тұста жол құрылысына ең аз инвестиция салған Ұлытау облысы екені анықталды:  96,3 млн теңге. Былтыр облыста бұл салаға 455,2 млн теңгеге қарастырылған екен.

Көлік министрлігі басшысының айтуынша, жыл сайын еліміздің жолдарын күтіп-ұстауға 60 млрд теңге көлемінде қаражат қажет екен. Бұл ретте бюджетке түсетін жүктемені азайту үшін кезең-кезеңімен ақылы учаскелер енгізіліп жатыр. Қазір 3,2 мың шақырым автожолға ақылы жүйе енгізілді. Жыл басынан бері 11 айда ақылы жүйе арқылы 26 млрд теңгеден астам қаражат түскен. Келесі жылы Қазақстанның тағы 1,2 мың шақырым трассасына қосымша ақылы жол енгізу жоспарлануда.

"ҚазАвтоЖол" ҰК " АҚ жылдық есебінің деректері бойынша 2022 жылы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге және күтіп ұстауға бір жыл 113,6 млрд теңге бөлінді. Бір жыл бұрын осы салаға 95,8 млрд теңге бөлінген екен. Қаражатты игеру 100%-ды құрады. Бөлінген қаражаттың арқасында 157 нысан күрделі және орташа жөндеумен қамтылды (45 - күрделі жөндеу, 112 - орташа жөндеу). Сонымен қатар 1079,4 шақырым жол пайдалануға берілді.

2022 жылы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі - 91%-ды, 2021 жылы - 90%-ды құрады.

Өңірлік бөліністе 2022 жылы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың ең көп үлесі Жетісу облысына тиесілі болды: 99%. Көшбасшылардың қатарында Павлодар және Түркістан облыстары бар: көрсеткіштері тиісінше 96,5% және 95,2%. Ең нашар көрсеткіштер Абай (77,9%), Ұлытау (78,3%) және Батыс Қазақстан (85,6%) облыстарында байқалды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив
Өзгелердің жаңалығы