Елімізде жазғы туристік маусым қорытындыланды
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың төрағалығымен өткен кеңесте жазғы туристік маусымның қорытындысы шығарылды. Жиынға облыс әкімдерінің орынбасарлары мен өңірлік басқарма басшылары қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Министр өз сөзінде Мемлекет басшысының курортты өңірлердің жазғы туристік маусымға дайындық деңгейін қанағаттанарлықсыз деп бағалағанын еске салды. Президент тапсырмасы бойынша бірқатар аймақта тексеріс жүргізіліп, инфрақұрылым мен қызмет көрсету сапасында елеулі кемшіліктер анықталған.
Биыл еліміздің сегіз ірі демалыс аймағында – Баянауыл, Катонқарағай, Каспий теңізі жағалауы, Балқаш пен Алакөл көлдері (Абай және Жетісу облыстары), Қапшағай және Щучье-Бурабай курортты өңірлерінде кешенді түгендеу жүргізілді.
Талдау нәтижесінде анықталған негізгі мәселелер:
- инженерлік инфрақұрылымның жеткіліксіздігі;
- бейберекет сауданы реттеу қажеттігі;
- жағажайларды аймақтарға бөлу мәселесі;
- электрмен үздіксіз жабдықтау;
- қауіпсіздік талаптарын сақтау;
- құтқару бекеттерінің жеткіліксіздігі.
Сала мамандарының ұсынысы бойынша, құтқарушылардың санын арттыру, бекеттерді заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету, инспекторлардың тұрақты кезекшілігін ұйымдастыру және су көлігіне бақылауды күшейту қажет.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында министрлік 2025–2028 жылдарға арналған курортты өңірлерді дамыту жөніндегі Жол картасының жобасын әзірледі. Құжатқа 141 іс-шара енгізілген. Жобаны жүзеге асыру республикалық және жергілікті бюджеттерден, сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен қаржыландырылады.
Кеңес Халықаралық туристік форум аясында өтті. Форум 25 қыркүйекте Маңғыстау облысында ұйымдастырылады.