Елімізде жасанды интеллект оқушыларға баға қоятын болады
Алдағы уақытта жасанды инттелект білім алушыларға сырттай баға бермек. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына жасанды интеллекті оқыту элементтерін енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Қазіргі таңда жасанды интеллект көмегімен білім алушыларды сырттай бағалауға арналған тапсырмаларды әзірлеу мәселесі де пысықталуда, - деді Бейсембаев Астана қаласы педагогтерінің тамыз форумында.
Министрдің сөзінше, мемлекеттік бақылаудың бірқатар тетіктері қайта қаралмақ.
Біріншіден, 2024 жылдан бастап лицензиялау кезінде жаңа біліктілік талаптарына сәйкестігін тексерудің жаңа формасы енгізілді.Екіншіден, аймақтық Білім басқармалары мен аудан/қалалық білім бөлімдерін жоспарлы тексерулерді жүзеге асыру бойынша жаңа нормалар қабылданды. Үшіншіден, мемлекеттік бақылау нысандары қайта қарастырылады. Мемлекеттік бақылаудың бұл форматы әкімшілік кедергілерді 2,5 есе төмендетеді және қойылатын талаптарды 290-нан 116-ға дейін қысқартуды көздеп отыр, - деді Бейсембаев.
Министр білім сапасын бағалайтын Ұлттық жүйенің жаңа моделі қалыптасқанын атап өтті.
Бүгінгі таңда оқулықтардың 100%-ы цифрлық форматқа ауыстырылды. Олар қазір 11 платформада қол жетімді, - деп түйіндеді ол.
Еске салайық, бұған дейін министр Ғани Бейсембаев елімізде қанша үш аусымды мектеп бар екенін айтқан еді.