Елімізде жас журналистерге арналған мектеп ашылды
Бүгін жас журналистерге арналған Media Bootсamp жазғы мектебінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Еліміздің өңірлерінен келген студенттер мен магистранттардың басын қосқан шараның мақсаты - жас журналистердің біліктілігін арттырып, кәсіби дағдыларын дамыту арқылы заманауи талаптарға сай мамандар пулын қалыптастыру. Жазғы мектеп барысында қатысушылар теория мен практиканы ұштастырып, коммуникативті дағдыларын жетілдіріп, журналистік шеберлігін шыңдайды. Оларға өз жұмыстарын көрсетуге, білікті мамандармен бірге практика жасауға мүмкіндік беріледі.
Іс- шараның ашылу салтанатына Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Перизат Садуақас, Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Нұрбек Матжани қатысты.
Нұрбек Матжани алғы сөзінде журналистердің бизнесте, мемлекеттік қызметте және қоғамды ақпараттандыру барысында негізгі рөл атқаратынын айта келе, жазғы мектептің оқу бағдарламасына тоқталды.
Media Bootcamp жазғы мектебінің оқу жоспары теориялық біліммен бірге тәжірибелік жұмыстар арқылы коммуникативтік дағдылар мен кәсіби ойлау қабілетін дамытуға, цифрлы технологияларға негізделген жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеруге бағытталған, – деді ол.
Media Bootcamp-тің оқу бағдарламасы «Жасанды интеллектінің журналистикаға әсері», «Журналистика тарихы: Әлемдік журналистиканың дамуы мен ерекшеліктері», «Журналистикадағы заманауи әдіс-тәсілдер», «Подкаст: тұжырымдама, архитектура, іске қосу», «Деректі фильм: идеядан эфирге дейін», «Digital First Content: әлеуметтік желіге контентті бейімдеу механизмі мен ерекшеліктері», «Журналистік этика және стандарттар» сынды заманауи бағыттарды қамтиды.
Жазғы мектепке еліміздің 13 өңіріндегі 20 ЖОО-дан 50 жас маман қатысады.
Олардың кандидатурасы 98 өтініштің ішінен іріктеліп алынды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 3-курс студенті Карима Жұмағалидің айтуынша, Media Bootcamp – журналистика саласындағы білімі мен біліктілігін арттыруға берілген тамаша мүмкіндік.
Сандық медиа, мультимедиялық әңгімелер, әлеуметтік медиа және деректер журналистикасы туралы курстарды қамтитын іс-шараның оқу жоспары дәл осы салалардағы дағдыларымды жетілдіру үшін қажет, - деді қатысушы.