Елімізде жас ақын-жазушыларға арналған әдеби тур басталды

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі әдеби саланы дамытуға және жас авторларды қолдауға бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асыруда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Министрлік жанынан құрылған «Alqa»жастар клубының мүшелері балалар әдебиетінің бәйтерегі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай жазушының ауылы Қостөбеге барып, қаламгер оқыған тарихи мектеппен танысты.

Сонымен қатар мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туған жері Қарасазға табан тіреп, ақынның өмірінен сыр шертетін Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалды музейіне барды.

Музейдің үш экспозициялық залында ақынның 1200-ден аса экспонаты, жұмыс үстелі мен қолданған заттары және қолжазбалары қойылған. Сапар барысында жас ақындар жыр оқып, әдеби кеш өтті.

Іс-шара аясында қатысушылар Райымбек батыр ескерткішіне тағзым жасап, Көлсай, Шарын шатқалында болды.

Әдеби тур Ілияс Жансүгіровтің 130 жылдығына орай Жетісу облысында жалғасады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы