Елімізде және көрші елдерде коммуналдық қызметке қанша ақша жұмсалады

Биыл тарифтердің қымбаттағанына қарамастан, Қазақстанда коммуналдық қызметтер ақысы посткеңестік кеңістіктегі басқа елдермен салыстырғанда, қымбат емес, ең бастысы, отбасылық бюджетке ауыр салмақ салмайды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мысалы, Numbeo сарапшыларының жаңа деректеріне сүйенсек, Қазақстанда көлемі 85 шаршы метр пәтер үшін электрмен жабдықтау, жылу, кондиционерлеу, сумен жабдықтау және қоқыс шығару қызметтерінің құнын қамтитын коммуналдық қызметтердің орташа айлық құны 2024 жылы небәрі 57,1 АҚШ долларын құрады (немесе шамамен 27 мың теңге). Салыстырып көрейік, Ресейде көлемі дәл осындай тұрғын үйге арналған коммуналдық қызметтердің айлық құны 90,5 АҚШ долларын құрайды, Арменияда — 130,4 АҚШ доллары, Молдовада — 218,5 АҚШ доллары, ал Балтық елдерінде (Литвада — 218 АҚШ доллары, Эстонияда — 303,5 АҚШ доллары, Латвияда — 313,8 АҚШ доллары) және ЕО-ның жетекші мемлекеттерінде (Ұлыбританияда — 328,4 АҚШ доллары, Германияда — 336,9 АҚШ доллары, Австрияда — 390,5 АҚШ доллары) әлдеқайда қымбат. Демек, қазақстандықтар коммуналдық қызметтер ақысын көрші ТМД елдерінің және Еуропа елдерінің тұрғындарына қарағанда, бірнеше есе арзан төлейді.

Тағы бір маңызды мәселе: Numbeo — еуропалық портал, деректерді Еуропаның тұрмыстық жағдайына сай есептейді. Бізде 85 шаршы метр тұрғын үй — бұл өте үлкен үш бөлмелі немесе, тіпті, төрт бөлмелі пәтер болуы мүмкін, яғни, пәтерлердің ең көп тараған түріне жатқыза алмаймыз. Егер Қазақстандағы орташа көлем бойынша есептесек, онда ауданы 30–35 шаршы метр болатын бір бөлмелі пәтер үшін коммуналдық қызмет ақысы айына орта есеппен 9–11 мың теңгені, 50–55 шаршы метр екі бөлмелі пәтер үшін 16-17 мың теңгені құрайды. Бұл көрсеткіш біздегі ақиқатқа жақын, сол себепті Numbeo аналитиктерінің деректері шындыққа ұқсайды.

Бұл жерде маңыздысы коммуналдық қызметтердің құны емес, коммуналдық қызметтер үшін жалақы есебінен қанша ақша жұмсалатыны. Біз осы деректерді есептеп көрдік. Қазақстан үшін орташа жалақы — нетто (барлық салық төленгеннен кейін), Numbeo деректеріне сәйкес 586,2 АҚШ долларын немесе шамамен 283 мың теңгені құрады. Айта кетерлігі, бұл ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) орташа жалақы туралы деректерімен (ағымдағы жылдың екінші тоқсанында 278 мың теңге) сәйкес келеді, сондықтан, мұнда да еуропалық аналитиктер дәл есептегендей.

Осылайша, Қазақстанда коммуналдық қызметтер үшін «таза» жалақының небәрі 9,7%-ы жұмсалады. Бұл — көршілес Өзбекстандағы ұқсас көрсеткішпен қатар посткеңестік кеңістіктегі барлық елдер арасында ең төмен көрсеткіш. Беларусь көшбасшылардың үштігіне енді, онда коммуналдық қызметтердің құны орташа жалақының (нетто) 10,6%-ын құрады.

Егер сіз коммуналдық қызметтердің құнын нақты шаршы метр үшін есептесеңіз (85 шаршы метр емес, кем дегенде 55 шаршы метр), онда жалақыдағы үлес небәрі 6,3%-ды құрайды, ал егер сіз кем дегенде екі отбасы мүшесінің жұмыс істейтінін ескерсеңіз, онда екі жалақы есебінен отбасы үшін аталған көрсеткіш әлдеқайда аз болады, тек 3,2%-ды құрайды. Алайда, мұндай нақты деректерсіз-ақ, ТМД елдері мен басқа да посткеңестік мемлекеттердің аясында Қазақстанда коммуналдық қызметтер ақысы әлі де өте арзан екенін көреміз, яғни, сәйкесінше, азаматтардың қалтасына да аса ауыр салмақ салмайды.

Ал басқа елдердегі жағдай қалай? Әзірбайжанда 85 шаршы метрлік үлкен пәтер үшін коммуналдық қызметтердің құны таза орташа жалақының 12,9%-ын, Ресейде 16,5%-ын, Арменияда 21,7%-ын, Молдовада, тіпті, 36%-ын құрады. Толығырақ мәліметтер жоғарыда көрсетілген ақпараттық кестеде берілген.

Қазақстанның көрсеткіштері Венесуэла (9,7%), Боливия (9,7%), Ұлыбритания (10,1%) және Германия (10,6%) сияқты дамушы және дамыған елдердің көрсеткіштеріне жақын. Мысалы, бұл көрсеткіш Румынияда 16,4%-ға, Чехияда 18,5%-ға, Сербияда (Numbeo-ның негізін қалаушы Младен Адамович шыққан ел) 22%-ға жетеді. Бұл тұрғыда антилидерлер қатарына Пәкістан (мұнда коммуналдық төлем үшін орташа жалақының 55%-ы жұмсалады) және Куба (98,4%) елдері енді.

Тәуелсіз халықаралық аналитиктердің мәліметтерімен таныстық. Ал Қазақстандағы статистика не дейді? Мәліметтер ұқсас болып шықты. ҰСБ деректері бойынша ағымдағы жылдың екінші тоқсанында коммуналдық қызметтерге, тұрғын үйді күтіп ұстауға және жөндеуге байланысты үй шаруашылығының ақшалай шығыстары 46,9 мың теңгені құрады, яғни, айына шамамен 15,6 мың теңге. Атап өтсек, бұл сомаға тікелей коммуналдық қызметтерден басқа, тұрғын үйді жөндеу және күтіп ұстау, яғни МИБ/ПИК/ТҚК және басқа да осындай басқарушы компаниялардың қызмет ақысы кіреді.

Сонымен қатар, қазақстандықтардың шығыстарының жалпы көлеміндегі бұл шығындардың үлесі тек 5%, өткен жылмен салыстырғанда, небәрі 0,1 пайыздық тармаққа артық.

Қазақстанның ішкі статистикасы да, сыртқы аналитиктер де еліміздегі коммуналдық қызметтер ақысы отбасылық бюджетке аса салмақ салмайды деп отыр. Әрине, тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларының проблемалары әрқашан өзекті болып қала береді, олар үшін кейде аз соманың өзін төлеу ауыр болуы мүмкін, осындай жағдайлар бойынша Қазақстанда тұрғын үй көмегі бойынша арнайы жүйе жұмыс істейді, ол туралы біз жаздық әлі де жеке тоқталып жазамыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Табиғи монополияларды реттеу комитеті
Алдыңғы жаңалық
Құтқарушылар отбасы
Өзгелердің жаңалығы