Елімізде үздік еңбек әулеті анықталады
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (ЕХӘҚМ) «Еңбек жолы» республикалық байқауының басталғанын хабарлайды, деп жазады BAQ.KZ.
Конкурс аясында Қазақстанның үздік өндіріс қызметкерлері мен еңбек әулеттері анықталады.
Бұл конкурс өнімді еңбекті ынталандыруға, жастар арасында жұмысшы мамандықтарды танымал етуге және жұмысшы әулеттерінің көпжылдық дәстүрлерін нығайтуға бағытталған.
Конкурс екі кезеңнен (өңірлік және республикалық) тұрады.
Қатысушылар үш аталым бойынша анықталады:
«Үздік еңбек әулеті» – еңбек өтілі ең ұзақ, марапаты ең көп әулет таңдалады;
«Өндірістің үздік жас маманы» – жұмыс өтілі 5 жылдан аспайтын, ең белсенді және еңбекқор өндіріс жұмыскері таңдалады;
«Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» – жұмыс өтілі кемінде 20 жыл, жоғары тиімді жұмыс істейтін тәлімгер таңдалады.
Конкурсқа кәсіпорындардың (саласына қарамастан) барлық қызметкері қатыса алады. Жеңімпаздарды арнайы республикалық комиссия анықтайды. ЕХӘҚМ байқауға еңбек әулеттерінің өкілдерін, сондай-ақ бастамашыл жас қызметкерлерді және олардың тәлімгерлерін белсенді қатысуға шақырады. Байқауға қатысты өзге ақпаратты білу үшін Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына немесе облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасына, сондай-ақ ҚР ЕХӘҚМ Еңбек қатынастары және әлеуметтік әріптестік басқармасына 8 (7172) 74-35-11 телефоны бойынша хабарласуды сұраймыз, - делінген хабарламада.