Елімізде үй жануарларына деген қатыгездік көбейді – Налшыбек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада үй жануарларына қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында «Сенімді дос» акциясы басталды. Шараны «Жас Сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігінің Нұр-Сұлтан қалалық филиалы іске асырды.

Акцияны ұйымдастырушы Асхат Налшыбектің айтуынша, елімізде үй жануарларына деген қатігездік көбейіп келеді. 

Ол қоғамда бұл мәселеге назар аударып, қамқорлық жасаудың мәні зор екенін айтады.


Соңғы уақытта үй жануарларына деген зорлық-зомбылық күшейген. Оның ішінде адамдар тарапынан көрсетілетін қатігездік, жауыздықтар көбейгенін байқаймыз. Осы мәселеге байланысты Нұр-Сұлтан қаласының «Жас Сарбаз» қозғалысы мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында көпшіліктің үй жануарларына қатысты мейірімділігі жайында «Сенімді дос» акциясын бастаған болатынбыз, - деді Асхат Налшыбек.



Аққорған мекемесінде орналасқан «Я живой» орталығында қараусыз қалған үй жануарлары ішінен 73 ит, 30-ға жуық мысық бар.

Іс-шара барысында Жас сарбаз еріктілері қараусыз қалған иттерді тамақтандырып, тазалау жұмыстарына көмектесті. 

Одан бөлек темір торда тұрған иттерді сыртқа шығарып серуендету жұмыстарын жүргізді. 

Еріктілер бұл арқылы үй жануарларына мейірімділік танытып, болашақ жас балалар мен жасөсіпірімдерге үлгі көрсетті.


Қазір телеарналардан, әлеуметтік желіден жануарларды көлікпен қағып, неше түрлі әдістермен азаптап өлтіру, тіпті өртеп жіберген сұмдық ақпарат таралуда. Бұл артымыздан өсіп келе жатқан жас балалар мен жасөсіпірмдерге кері әсер етуі мүмкін. Оларға дұрыс бағыт-бағдар беру басты міндетіміз. Осыған орай біз жануарларға деген мейіріміділік пен жанашырлықты көптеп дәріптеуіміз керек, - дейді Асхат Налшыбек.



Сонымен қатар ол қоршаған ортамыздың тазалығы мен амандығы өз қолымызда екенін айта кетті.


Ит – адамның жақын досы. Жеті қазынаның бірі саналатын бұл жануар түріне қоғамда дұрыс көзқарас қалыптастырумыз қажет. Жалпы қоршаған ортамызды, жан-жануарларымызды қорғау әрбір азаматымыздың мойнында, - деді ол.




Олжас АДАЙ

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы