Елімізде Үндістанның ұлттық университетінің филиалы ашылады
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ішкі істер министрлігі Үндістанның Сот ғылымдары ұлттық университетінің (NFSU) филиалын Қазақстанда ашу жөнінде келісімге келді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Филиал ІІМ Басқару академиясы базасында орналасады. Бұл жоба құқық қорғау органдары үшін киберқауіпсіздік, цифрлық криминалистика, сот сараптамасы және қолданбалы қылмыстық тергеу салаларында жоғары білікті мамандар даярлауға бағытталған.
Аталған бастама жөніндегі үшжақты кездесу ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ІІМ орынбасары Айдар Сайтбеков және NFSU өкілі Шри Джадежаның қатысуымен өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша NFSU филиалын ашу және қос дипломдық білім бағдарламаларын іске қосу туралы келісімге қол қойылды.
Тараптар бірлескен ғылыми және құқықтық зерттеулер жүргізіп, кадр даярлау сапасын арттыруға баса назар аударады. Бұл бастама Қазақстанның Орталық Азиядағы академиялық және инновациялық орталық ретінде дамуына ықпал етпек.