Елімізде Ұлттық спорт студенттер лигасы құрылады
Қазақстанда Ұлттық спорт студенттер лигасын құру бойынша жұмыс жүріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ. Бұл туралы Ұлттық спорт қауымдастығының төрағасы Исламбек Салжанов Egemen Qazaqstan басылымына берген сұхбатында мәлімдеді.
Тоғызқұмалақ ойыны жоғары қарқынмен дамып келеді. Бұл бағытта тәжірибесі мол, өз ісінің маманы, қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Байменовтің еңбегін атап өткен жөн. Әлихан Мұхамедияұлы жүргізіп отырған жүйелі жұмысының нәтижесінде бүгінде елімізде тоғызқұмалақпен 200 мыңға жуық адам шұғылданса, 30 елде ресми өкілдіктері құрылған. Жалпы, әлемнің 50 мемлекетіне тоғызқұмалақ таралып отыр.
Ұлттық спортты студенттер арасында әйгілеу мақсатында жастардың ұсынысымен "Ұлттық спорт студенттер лигасын" құру жоспарланып отыр. Бұл жоба бойынша Ғылым және жоғары білім министрімен кездесу өтіп, Туризм және спорт министрлігімен де келісім жүріп жатыр. Өздеріңізге мәлім, Қазақстанда 100-ден аса университет бар. Ол жерде 500 мыңнан аса студент білім алып жатыр. Осы жоба аясында жастарымызды ұлттық спортқа тарту көзделіп отыр, – деді Исламбек Салжанов.
Ол, сондай-ақ қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақтың бүгінде әлемнің елу еліне таралғанын да сүйіншіледі. Қазақстанда тоғызқұмалақпен 200 мыңға жуық адам шұғылданса, 30 елде ресми өкілдіктері құрылған.
Ал жалпы алғанда болашақта ұлттық спортымыздың Олимпиада ойындарына ұсынуға сұранып тұрған спорт түрлері бар. Бұл – "Аударыспақ" пен "Жамбы ату". Бұл шаруаны көшпелілер ойындарын аман-есен өткізіп алған соң арнайы талқылаулар өткізуге құжаттарымызды әзірлеп жатырмыз, – деді Ұлттық спорт қауымдастығының төрағасы.