Елімізде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы заң жетілдіріледі

Елімізде ұлттық қауіпсіздікті жетілдіру мәселелеріне қатысты заң жобасына өзгерістер енгізілу көзделіп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат Айгүл Құспан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарындағы қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырды.

Заңы жобасын Парламент Мәжілісі 2023 жылғы 20 сәуірде жұмысқа қабылдаған. Заң жобасына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары бастамашылық жасап отыр.

Заң жобасының мақсаты - ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру. Заң жобасында түзетулер 2 кодекске және 11 заңға енгізіледі. Атап айтқанда, қорғаныс-өнеркәсіп кешені ұйымдарын стратегиялық объектілерге жатқызу және қорғаныс пен қауіпсіздік мұқтажы үшін тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеуге ықпал ететін нормаларды енгізу көзделеді, - деді депутат.

Бұдан басқа, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерін Мемлекеттік шекара объектілерін салу, жайластыру және олардың жұмыс істеуі үшін және қорғаныс мұқтажы үшін бос жерлерге ауыстыру мүмкіндігі беріледі.

Заң жобасына сәйкес ұлттық қауіпсіздік органдарына кадр құрамын патриоттық, адамгершілік және рухани тұрғыдан тәрбиелеуге және ұлттық қауіпсіздік органдарында құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жұмысты жүзеге асыру жөніндегі міндеттер жүктеледі. Шекаралық бақылау жүргізу кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әскери қызметшісінің мінез-құлық стандартын енгізу ұсынылады. Заң жобасында қылмыстық қудалау органдарына сотқа дейінгі тергеу басталғанға дейін мемлекеттік органдардың қызметін тексеру үшін аудиторларды тарту құқығын беру ұсынылады, - деп түсіндірді ол.

Бұған қоса, арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеру тәртібін жетілдіруге және қолданыстағы заңнамадағы олқылықтарды жоюға бағытталған нормалар көзделеді.

Депутаттар заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы