Елімізде тұрмыстық зорлық көрсеткендер тіркеуге алынады
Елімізде отбасының берекесін қашыратындарды тіркеуге алып, оларды мемлекеттік және күштік құрылымда жұмыс істеу құқығынан айыру керек. Сенат депутаты Жанна Асанова осылай деді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат зорлық-зомбылықты шешуге уәкілетті тұлғалардың немқұрайлы көзқарасы мен сыбайлас жемқорлық себеп болып отырғанын айтады.
Бізге әйел мен балаларды саудаға салатын немесе оларға затқа қарағандай немқұрайлы көзқарасты өзгерту аса маңызды. Қорғансыз қалған жандардың бәрін мемлекет қорғап қана қоймай, зорлық-зомбылыққа қарсы әрекет жасалатынын білуі керек. Әрбір азамат зорлық-зомбылықтың барлық құқықтық салдарын нақты білуі шарт. Олар жазадан құтылмайтынына күмәнданбауға тиіс. Бұл мәселеде құқық қорғау органдарының, сот инстанциясының қызметкерлеріне ерекше жауапкершілік жүктеледі, - деді сенатор.
Асанава зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл кешенді тәсілді талап ететінін әрі отбасының шырқын бұзатындарың құқығын шектеу маңызды екенін атап өтті.
ІІМ тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік жеке қызметін құру арқылы кеңейтуді ұсынды. Жалпыға бірдей қабылданған халықаралық стандарттар мен психологиялық нормаларды ескеріп, құқық қорғау органдарының алғаш рет шағымданған зорлық-зомбылық құрбандарына арналған өзара іс-қимыл жасау нұсқаулығын заңнамалық тұрғыдан бекіту керек. Зәбір көрсетушілерді міндетті түрде тіркеуге алу, одан кейін мемлекеттік және күштік органдарға жұмысқа тұруын шектеп, қару иелену құқығынан айыру маңызды, - деді Жанна Асанова.