Елімізде тұңғыш донорлық жүрек трансплантациясына 10 жыл болды

Осыдан тура 10 жыл бұрын Қазақстанда алғаш рет донорлық жүрек трансплантациясы жасалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жүрек орталығының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше  операцияны Чехиялық кардиохирург Ян Пирктің қатысуымен клиниканың негізін қалаушы, қазір хирургия жөніндегі директоры Юрий Пяның басшылығымен Жүрек Орталығының дәрігерлер командасы сәтті жүзеге асырды. Отандық кардиохирургия саласындағы серпінді оқиға 2012 жылғы 8 тамызда дилатациялық кардиомиопатия диагнозымен клиниканың 38 жастағы пациенті Жәнібек Успановқа донорлық жүрек сәтті трансплантацияланған кезде орын алды.

Осы сәттен бастап елімізде қайтыс болғаннан кейін жүрек донорлығы басталды. Бүгінгі таңда клиникада осындай 86 операция жасалған. Алайда, органды трансплантациялау процесі операцияның өзінен бұрын басталады және хаттамаға сәйкес қатаң түрде жүзеге асырылады. Қайтыс болғаннан кейінгі донордан органды трансплантациялау тек бас миының өлімі айқындалғаннан кейін және әлеуетті донордың туыстарының келісімімен немесе тірі кезіндегі келісімімен ғана жүргізіледі. Әлеуетті донор туралы ақпарат Трансплантацияны үйлестіру орталығына жіберіледі, кейін трансплантациялау орталықтарын хабардар етіп, күту тізімінен үйлесімділік пен денсаулық жағдайына сәйкес келетін реципиентті таңдау үшін әлеуетті донор туралы барлық қажетті ақпаратты береді. Жүрек және/немесе өкпе трансплантациясы мүмкіндігі туралы хабарланған кезде мұндай хабарлама Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығына жіберіледі, дереу реципиенттің іріктеуі басталады. Тіндердің үйлесімділігі кезінде клиника донорлық органды алу үшін елдің кез келген жеріне ұша алатын білікті трансплантация тобын жібереді.

Жүрек трансплантациясы - бұл жүрек жеткіліксіздігінің соңғы сатысы бар пациенттерді емдеудегі алтын стандарт. Соңғы жылдары қайтыс болғаннан кейінгі донорлық санының төмендеуі байқалады. Мұның себебі коронавирустық инфекцияның пандемиясы мен біздің қоғамымыздың хабардарлығының нашарлығы. Жалпы, органдар трансплантациясының деңгейі елдің дамуының көрсеткіші болып табылады. Сондықтан біздің азаматтарымыздың көзқарасын өзгерту және органдарды донорлыққа қатысты хабардарлығын арттыру трансплантация қызметін дамытудың негізгі факторлары болып табылады, - деп бөлісті Жүрек Орталығының хирургия жөніндегі директоры Юрий Пя.

Бүгінде Қазақстанда донорлық жүректің алғашқы реципиенті, 48 жастағы Жәнібек белсенді өмір сүруде, екі бала тәрбиелеп отыр және отандық трансплантологияның дамуына өз үлесін қосуда. Жәнібек басқа реципиенттерге операциядан кейінгі кезеңде бейімделуге көмектесе отырып, трансплантацияланған пациенттердің «Өмір тынысы» қоғамдық бірлестігін басқарады. Сондай-ақ, ол жүрек трансплантациясын күту парағында тұрған пациенттерге қолдау көрсетеді.

Органды трансплантациялау бойынша операциядан кейін реципиентке иммунитетті жасанды түрде басу және ағзаның қабылданбаудың қаупін азайту үшін иммуносупрессивті препараттарды қабылдау тағайындалады. Сондықтан денсаулығын жақсарту үшін Жәнібек спортпен шұғылданады, тіпті орган трансплантациясынан кейін адамдар қатысатын Бүкіләлемдік спорттық трансплантация ойындарына да қатысты. 2019 жылы ол Қазақстанда Ұлттық трансплантация ойындарын өткізудің бастамашысы болды. Өзінің үлгісінде ол трансплантацияның адамды толыққанды үйреншікті өмірге қайтаруға болатынын көрсетуге тырысады, осылайша халықтың елдегі донорлық институт ұғымы туралы хабардар болу деңгейін арттырады.

Қазіргі уақытта күту парағында жүрек трансплантациясына мұқтаж 130 азамат бар, олардың көпшілігі жастар. Ми өлімі анықталған әлеуетті донор анықталған кезде аймақтық трансплантация үйлестіруші трансплантация бойынша  тіркелімде тірі кезіндегі ерік білдіруінің бар-жоғын тексереді және туыстарымен қайтыс болғаннан кейін болатын донорлық мүмкіндігі туралы әңгіме жүргізеді. Әрбір азамат қайтыс болғаннан кейін ағзаның донорлығы туралы өз еркін білдіруге және өз шешімін электрондық үкімет порталында тіркеуге құқылы. Органдар донорлығы туралы тірі кезінде шешім қабылдау маңызды іс болып табылады, оны жақындарыңызға да хабарлау қажет, - дейді Жүрек Орталығының трансплантация бойынша үйлестірушісі Сәуле Шайсұлтанова.

Мерейтойлық іс-шараға құрметіне 7 тамызда елордалық Ботаникалық саябақта «Жүрек Орталығы» Корпоративтік Қорының ұйымдастыруымен «Сен - менің жүрегімнің чемпионысың» атты қайырымдылық жүгірісі өтті. Жүгірістің мақсаты әр қатысушының қосқан үлесі арқасында жүзеге асырылып жатқан Қор жобаларына қолдау көрсету, салауатты өмір салтын насихаттау және қоғамымыздың назарын донорлықтың күрделі мәселесіне аудару болды. Спорттық шараға қатысушылар қашықтықты жүгіріп өтіп, денсаулықтарын нығайтып қана қоймай, медицина мен трансплантологиялық қызметінің дамуына үлес қосты.

«Жүрек Орталығы» Қоры өз күш-жігерін еліміздегі кардиохирургияны дамытуға, соның ішінде ғылыми жобаларды қолдауға, инфрақұрылымды дамытуға және клиниканың медициналық мамандарын даярлауға бағыттайтын Қазақстандағы алғашқы қор болып табылады. Өткен жылы Жүрек Орталығы ұжымының бастамасымен және Қордың қолдауымен Ботаникалық саябақта «Сый» инсталляциясы ашылды – қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берген және сол арқылы көптеген адамдардың өмір сүруіне мүмкіндік берген жүрек донорлары мен олардың туыстарына шексіз ризашылықтың белгісі.     

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы