Ведомствоның дерегінше, ТМТ-ның негізгі бөлігін аршу, дайындық және тау-кен қазбаларын жүргізу кезінде пайда болған тау жыныстары құрайды. 2025 жылы кадастрға осындай нысандардың 1 110 паспорты енгізілген.
Министрлік ТМТ-ны түгендеу және оларды шаруашылық айналымға тарту жұмыстары бекітілген Жол картасы мен 2023–2027 жылдарға арналған сирек және сирекжер металдары саласын дамытудың кешенді жоспары аясында жүргізіліп жатқанын хабарлады. Осыған байланысты жеке жұмыс тобын құру қажеттілігі жоқ деп есептейді.
Қазіргі уақытта мемлекеттік және жекеменшік ТМТ нысандарының құқықтық мәртебесі нақтылануда. 2024 жылғы есепке алу материалдарында 237 нысан мемлекеттік ТМТ ретінде көрсетілген. Ал 2026 жылғы 1 қыркүйектегі картографиялық салыстырып тексеру нәтижесінде 44 нысан жер қойнауын пайдаланудан бос объектілер ретінде анықталған.
Жол картасына сәйкес, 2026 жылғы желтоқсанда далалық зерттеу жұмыстарына арналған жобалау-сметалық құжаттама әзірленеді. Ал 2027–2029 жылдары иесіз ТМТ нысандарын зерттеу және картаға түсіру жоспарланған.
Мемлекеттік ТМТ-ны игеру құқығы Кодекске сәйкес лицензия негізінде беріледі. Аукциондар өткізу 2026–2029 жылдарға көзделген. Әрбір учаске бойынша шешім оның құқықтық мәртебесі, геологиялық деректері және жер-экологиялық шектеулері тексерілгеннен кейін қабылданады.
Кодекстің 278-бабы 24-тармағына сәйкес жер қойнауының құрамына енгізілген мемлекеттік ТМТ-ға қатысты қатты пайдалы қазбаларды өндіру құқығы лицензия негізінде беріледі. Осыған байланысты аталған объектілер бойынша өндіруге арналған жаңа келісімшарттарды дайындау көзделмейді, – делінген министрліктің жауабында.
Айта кетейік, ТМТ әлеуеті сирек және сирекжер металдарымен ғана шектелмейді. Олардың құрамындағы өзге де пайдалы компоненттерді анықтап, өнеркәсіпте пайдалану мүмкіндіктерін бағалау маңызды.