Елімізде тегін дәрілерді сатып алу басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылға 66,5 млрд теңге сомасына тегін дәрілерді сатып алу басталды. Бұл туралы «СҚ-Фармация» баспасөз қызметі хабарлады. 

Дәрілерді электрондық сатып алу порталындағы тендерлік рәсімдер шеңберінде қазақстандықтарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 2020 жылға сатып алуға жалпы сомасы 66,5 млрд. теңгеге препараттардың 308 атауы жарияланды.

Тендер нәтижелері 6 қарашада шығарылатын болады және жылдың соңында медикаменттер бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына түседі.

«СҚ-Фармация» ЖШС-ның басқарма төрағасы міндетін атқарушысы Берік Шәріптің пікірінше, ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде 2020 жылға тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 1318 атауы бекітілді.

«Пациенттерді амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 576 медициналық ұйымнан 114,6 млрд. теңге сомасына және стационарлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 1137 медициналық ұйымнан 118 млрд тенге сомасына алдын ала өтінімдер келіп түсті», - деп атап өтті Берік Шәріп.

2020 жылға арналған медикаменттердің жалпы тізімінен 596 атау отандық фармөндірушілерден сатып алынатын болады, олар қазақстандық фармацевтикалық саланы дамытудың мемлекеттік бағдарламасы және ОТӨ-ні қолдау шеңберінде абсолюттік преференцияларға ие болған және қазақстандықтарды дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз ету үшін дәрі-дәрмектерді беруге ұзақ мерзімді шарттар жасаған.

Қалған препараттардың республикада тіркелген аналогтары жоқ, сондықтан қазіргі уақытта оларды өндірушілерге шарттарды делдалсыз, тікелей жасау үшін шақырту жолданатын болады.

Дәрілерді сатып алу кезіндегі маңызды талаптардың бірі беру кестесі болып табылады, яғни желтоқсан айында дәрілер бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына келіп түсіп, ал оларды емханалар мен ауруханаларға жөнелту 2020 жылдың қаңтар айынан басталуы қажет.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы