Елімізде тауар таңбалары мен тауар шығарылған жердің атауын тіркеу рəсімі жеңілдетілді – Әділет вице-министрі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда тауар таңбалары мен тауар шығарылған жерлердің атауларын тіркеу рəсімі жеңілдетілді. Бұл туралы Әділет вице-министрі Ақерке Ахметова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.
Əділет министрлігі жүзеге асырып келген Зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды тіркеу жөніндегі функциялар сараптама ұйымына берілді.
Вице-министрдің айтуынша, соның арқасында тауар таңбалары мен тауар шығарылған жерлердің атауларын тіркеу рəсімі жеңілдетілді.
Бұл өтінімдерді қарау мерзімін қысқартуға мүмкіндік берді. Тауар белгілері бойынша 9 айдан 7 айға дейін, өнертабыстар бойынша 18 айдан 13 айға дейін, өнеркəсіптік үлгілер бойынша 12 айдан 6 айға дейін, пайдалы модельдер бойынша 12 айдан 4 айға дейін, тауарлар шығарылған жерлердің атаулары бойынша 6 айдан 30 жұмыс күніне дейін, авторлық құқық 20 күннен 1 жұмыс күніне дейін қысқарды, – деп түсіндірді ол.
Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай тауар таңбаларын тіркеуге өтінімдер сараптамасының барлық кезеңдерін сараптамалық ұйым Қазпатент жүргізіп, Одақтың бірыңғай тізілімінде тіркейді. Ұйым директоры Ермек Қуантыровтың айтуынша, бұл Одақ аумағында өзара сауда кедергілерді қысқартуға мүмкіндік береді. Кəсіпкерлер үшін уақыт пен қаржылық шығындар азаяды. Соның арқасында тауарлардың кедендік ресімдеуі жеңілдетіледі.
Енді кəсіпкер Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің кез келген патенттік ведомствосына бір өтінім беру арқылы бес елдің аумағында қорғау ала алады.