Елімізде тағы бір әскери мереке алғаш рет аталып өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміз алғаш рет Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери нышандар күнін атап өтті. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

1996 жылғы 18 шілдеде «Қарулы Күштердің әскери нышандары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына қол қойылды.

Әскери нышандар – армияның ажырамас бөлігі болатын атрибуттар. Әскери нышандар барлық уақытта тек жауынгердің ұлттық болмысының өзіндік ерекшелігін көрсетіп қана қоймай, жеке құрамның моральдық-жауынгерлік рухын және оның Отанды қорғау міндеттерін орындауға әрқашан әзір болуын арттырудың пәрменді құралы болды. Ол әскери қызметшілерді жоғары жауынгерлік және адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеуге, даңқты әскери дәстүрлерді қалыптастыруға және көбейтуге ықпал етті. 

Қазақстанның әскери нышандарына Қарулы Күштердің нышаны (эмблемасы), туы мен жалауы, Құрлық әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштері мен Әскери-теңіз күштерінің тулары, әскери бөлімдердің жауынгерлік тулары жатады. 

Қазақстан Қарулы Күштерінің нышаны мемлекеттік тиесілілігін және қол сұғылмаушылығын айқын бейнелейді. Ол өткеннің дәстүрлерімен ұштастыра отырып, Тәуелсіз Қазақстанның құндылықтарын көрсетеді. 

Атап айтқанда, Қарулы Күштер нышаны – шеттерi алтын түстi нұсқамен жиектелген бес бұрышты жұлдыз. Жұлдыздың ортасында шұғылалы күн және оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген. 

Қарулы Күштер түрлерінің тулары Қазақстан армиясына тиесілілікті және әскери ұжымның бауырластығы мен бірлігі идеясын білдіреді.

Жауынгерлік ту – әскери бөлімнің жәдігері. Отанды қорғау жолындағы даңқты дәстүрлер мен қасиетті борыш туралы әрбір әскери қызметшінің есіне сала отырып, оның айбыны мен даңқының нышаны. 

Биылғы жылы Қазақстан Қарулы Күштерінде бірқатар кәсіби мерекелер мен атаулы күндер алғаш рет атап өтілуде екенін айта кеткен жөн болар. Олардың тізбесі Қорғаныс министрінің 2021 жылғы 5 мамырдағы бұйрығымен бекітілген.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін те тағы бір әскери мерекенің алғаш рет аталып өткенін жазған едік.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы