Елімізде «Суперасфальт» технологиясын енгізу үшін ұлттық стандарттар әзірленіп жатыр
Жол ғылыми-зерттеу институты Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің тапсырмасы бойынша Қазақстан үшін жаңа Superpave асфальт жабындарын жобалау технологиясын бейімдеу және енгізу бойынша жұмысты жалғастыруда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазіргі уақытта ҒЗИ отандық асфальтбетон зауыттары жұмыс істейтін нормативтік құжаттардың бірінші кезектегі стандарттарын әзірлеу кезеңіне шықты.
Сонымен бірге жаңа технологияны енгізудің кезең-кезеңімен бағдарламасы әзірленуде, жабдықпен жұмыс істеу үшін егжей-тегжейлі нұсқаулықтар дайындалуда, есептеулердің шетелдік модельдері сынақтан өткізілуде.
Кәсіби шеңбердегі Superpave технологиясы «Суперасфальт» деп аталады. Ол АҚШ, Канада, Еуропа елдерінде, Сауд Арабиясында, Жапонияда, Кореяда, Қытайда, Катарда және басқа да бірқатар дамыған елде тиімді саналады және кеңінен қолданылады. Бұл жобалау жүйесі асфальтбетонның сапасын жақсартады, жөндеу аралық мерзімдерді және сәйкесінше автомобиль жолдарының қызмет ету мерзімін 1,5-2 есе арттырады. Әдістемені енгізу қалдық деформацияларға және төмен температуралы жарықтарға деген төзімділікті арттырады, - дейді ҚазжолҒЗИ жаңа технологиялар басқармасының басшысы, т.ғ.к. Қайрат Мұхамбетқалиев.
Superpave ерекшелігі - арнайы әзірленген PG grade шкаласы бойынша асфальтбетон қоспаларының құрамын жеке және дәлірек зертханалық таңдау. Осы технология бойынша асфальтбетонға арналған ингредиенттерді таңдау соңғы 20 жылдағы климаттық сипаттамалардың ерекшеліктерін, көлік жүктемелерінің қарқындылығын және температура шектерін қамтитын жол құрылысы ауданындағы нақты жағдайларды талдауға негізделген. Бұл тәсіл жолдардың қызмет ету мерзімін барынша ұзартуға мүмкіндік береді.