Елімізде суицидке кімдер жиі барады? – ІІМ жауап берді

Елімізде өтпелі кезеңде жүрген жасөспірімдер жиі суицидке барады. Бұл мәліметті Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ведомствода өткен брифингте Алекешев әрбір суицид дерегі тіркелсе, оны жасауға итермелеген себептер мен оған қатысы бар адамдарды анықтау үшін сотқа дейін тергеп-тексеру жүргізілетінін айтады. Сөзінше, суицидтің нақты себебі тек тергеу нәтижесінде ғана белгілі болады.

Кәмелетке толмағандардың өз-өзіне қол жұмсауына не түрткі?

Себеп келесідей:
- Жалғыздық сезімі;
- Қиын материалдық жағдай;
- Ата-аналарымен немесе туыстарымен жанжалдасу;
- Оқудағы ұрыстар;
- Ата-анасының ажырасуы;
- Жақын адамының қайтыс болуы;
- Жазаланудан қорқу және тағы басқа себептер.

Суицид жасамақшы болған 14 кәмелетке толмаған азамат мас күйде болған. Сонымен қатар, өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің бір жағдайында жасөспірім есірткі шеккен күйде болған. Талдау көрсеткендей, суицидтер мен суицид жасауға әрекеттенудің басым бөлігі 15-17 жас аралығындағы, яғни өтпелі кезеңдегі жасөспірімдермен жасалған. Осы орайда тағы да ата-аналарға үндеу жасағым келеді. Құрметті ата-аналар, балалардың мінез-құлқы мен эмоционалы жағдайын бақылауда ұстаңыздар. Олармен ашық әңгімелесіңіздер. Қызығушылықтары туралы біліп жүріңіздер. Уақыт бөліп, барынша қолдауға тырысыңыздар, - дейді Шыңғыс Алекешев.

Сондай-ақ Алекешев балалардың әлеуметтік ортасындағы өзгерістерге назар аудару қажет дейді.

Егер қандай да бір күмәнді белгілер байқалса, жағдайды тез арада қолға алу қажет. Жай ғана жылулық пен қамқорлық танытудың өзі қайғылы жағдайдың алдын алуы мүмкін. Интернетте қауіпсіздік шараларын сақтауды үйретіңіздер. Балалар әлеуметтік желілерде немесе онлайн-ойындарда кездесуі мүмкін қауіптер туралы білуі қажет. Егер олар күдікті дүниеге тап болса, көмек сұраудан қорықпауға тиіс, - деді ведомство өкілі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы