Елімізде суға түсуге болатын 500-ден астам орынға рұқсат берілді
Елімізде алдағы шомылу маусымында 533 орынға суға түсуге рұқсат берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Белгіленген нысандардың 154-і коммуналдық, 316-ы жеке, 63-і спорт-туристік мақсаттағы жағажай. Ақпарларынша, соңғы үш жылдың ішінде қара суға кетіп қаза болғандар саны артқан. Ресми мәлімет бойынша қайтыс болғандар саны 1100-ден асады.
Олардың басым бөлігі рұқсат етілмеген жерде шомылғандар, – деді мамандар. Биыл маусымдық кезеңде өңір-өңірлерге 70 мобильді құтқару бекеті қойылыпты.
Әрбір статистиканың артында адамның өмірі және оның жақындарының қайғысы тұр. Біз әрқашан босаңсымауымыз керек. Оны естен шығармауымыз керек. Өкінішке орай, соңғы үш жылдың ішінде елімізде 1100-ден астам адам суға кетіп қайтыс болған. Біз ІІМ-мен бірлесіп, жергілікті әкімдер бірлесіп, өз тарапымыздан халықты ақпараттандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі комитетінің төрағасы Бауыржан Сыздықов.