Елімізде судың 65%-ы ауыл шаруашылығына жұмсалады - профессор

Биыл шаруашылыққа 4,28 млрд текше метр су берілген. Елімізде су үнемдеу технологиясы қарқынды дамып келеді. Мамандардың есебі бойынша, бір адам тәулігіне шамамен 500 литрге дейін су тұтынады екен. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі Техника ғылымдарының докторы ҚаЗАЗУ -нің “Су ресурстары және мелиорация” кафедрасының профессоры Алия Қозыкеевамен сұхбаттасты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында суды барынша үнемдеу жұмысын ұйымдастыру керектігін, су қорын жинап, оны тиімді пайдаланып, ирригация жүйесін дұрыс қолдану жолдарына тоқталған еді.

- Елімізде жыл сайын шаруашылыққа қанша су жұмсалады? Егер үнемделсе, қанша пайыз болмақ?

- Елімізде судың 65%-ы ауыл шаруашылығына жұмсалады. Оның жартысынан жуығы техникалық себептерге байланысты ысырап болып жатады. «Қазсушар» шаруашылық мемлекеттік мекемесінің мәліметі бойынша, биыл шаруашылықтарға 4,28 млрд текше метр су берілді. Оның ең көбі Қызылорда облысына, яғни 2,9 млрд текше метр, су берілді. Үнемдеу технологиясы туралы айтар болсақ, 40-50% су үнемделеді. Суды тиімді пайдалану үшін суды үнемдеу технологиясы қажет. Суды үнемдеу тәсілеріне жердің астымен, тамшылатып, жаңбырлатып, тұмандатып, инексиялық суарулар жатады. Біздің елімізде игерілетін жердің 14%-нда үнемделген технологиялар пайдаланылады. Мәселен, Изараильді алатын болсақ, құнарлығы жоқ топырақтар мен тас, құм жерлерде үнемді технологиялар пайдаланылып, тамшылатып суғарады. Бір гектар жерге алты текше метр су жұмсайды. Әрине, біздің елімізде қазір тамшылатып суғаруға субсидиялар берілгеннен кейін, соңғы жылдары шаруашылықтар мен фермерлер осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ауылшаруашылық өнімдерін өсіріп отыр.

- Елімізде қандай суды үнемдеу технологиясы бар? Қай елдерде бұл мәселе шешіліп, суды үнемдеуден аллыңғы орында?

- Жалпы, суды үнемдеп пайдаланудан жапондық және израильдық технологиялар әлемде озық болып саналады. Бүгінгі таңда Қазақстанда да су үнемдеу технологиялары енгізілген аудандар көбеюде. Бұл өз кезегінде су мен қоректік заттарды нақты беру арқылы өнімділікті арттыруға ықпал етеді. Жыл сайынғы өсімге инвестициялық субсидиялау ықпал етеді. Оның аясында фермерлердің қазіргі заманғы суару жүйелерін сатып алуға, сондай-ақ су алу және беру үшін барлық қажетті инфрақұрылымды жүргізуге жұмсаған шығындарының 50%-ы өтеледі.
Жапондықтар болса, үнемдеу бойынша біре­гей технологияларын үнемі жетіл­діруден бір шаршаған емес. Мәселен, жапондық Toto компаниясы адам душқа түскенде, су аз мөлшерде құйылса да, мол аққандай әсер беретін құралын жасап шығарды. Мұн­дай сантехникалық құралды пайдаланған кезде, суды 35 пайызға үнемдеуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар осын­дай әдіспен су үнемдейтін заманауи унитаздар да жасалды. Бұнымен әлемнің озық елдері тоқтап қалып жатқан жоқ.

- Су шаруашылығында мамандар жеткілікті ме?

- Су шаруашылығында ғалымдар мен жас мамандар жетіспейді. Дегенмен Үкімет кадрларды даярлауда тиісті іс-шараларды атқарып келеді. Мәселен, осы жылдың сәуір айында Мемлекет басшысы ҚР Президенті жанындағы ғылыми және технологиялар жөнінде ұлттық комиссиясында бұрынғы Жамбыл гидромелиоративті институтының құрылысын жаңғырту жөнінде тапсырма берді. Осыған байланысты Жамбыл қаласында ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті жұмысын бастады. Біздің ЖОО-ны алатын болсақ, бұрыннан су шаруашылығымен айналысып келе жатырмыз. Университетте орталықтандырған су хабы бар. Барлық елдерден, еліміздің әр өңірінен мамандар біліктілігін арттыру мақсатында келеді. Мамандарға сертификат табысталады. Сондай-ақ Өзбекстанда біздің ЖОО-ның филиалы ашылды. Үшінші деңгей бойынша су шаруашылығының мамандарын даярлап жатырмыз. Сонымен қатар Небарск, Беларуссия, университетімен байланысымыз бар. Студенттеріміз сол жақтан білім алып, практикалық тәжірибе алмасады. Сондай-ақ магистратура бойынша Польшамен келісімшартымыз бар. Біздің студенттеріміз осылайша екі диплом алып жатыр.

- Тұрғындар мен шаруалардың суды үнемдеу мәдениеті қалыптасты ма?

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жолдауында елімізде суды үнемді пайдалану мәдениеті қалыптаспағанын атап өтті. Соған байланысты білім беру ұйымдарында суды үнемдеу сабақтарын қосымша және мектептен тыс іс-шаралар қабылданған. Менің ойымша, суды үнемдеу шараларын дамыту керек. Мамандардың есебі бойынша, бір адам тәулігіне шамамен 500 литрге дейін су тұтынады екен. Бұл - өте көп көрсеткіш. Сол себептен әр адам күнделікті өмірде суды ысырап қылмай, үнемді пайдалануды үйрену қажет.

- Әңгімеңізге рахмет!
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы