Елімізде су тасқыны қаупі бар 1072 елді мекен бар
Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов су тасқынына қарсы дайындық жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осы жылдың басынан бастап өңірлерде 25 шақырым уақытша бөгендер мен 57 шақырым қорғаныш білігі тұрғызылды, шамамен 5 мың шақырым каналдар мен 6 мың шақырым арықтар, 15 мың автомобиль және 3 мыңнан астам шақырым темір жол су өткізу құрылыстары тазартылды, – деді министр.
Шәріпхановтың мәлімдеуінше, әкімдіктермен бірлесіп су тасқыны қаупі бар елді мекендердің тізбесіне түзету жүргізілді және нақтыланды, нәтижесінде олардың саны 1 072-ге жетті.
Бұл осы елді мекендерде алдын алу іс-шараларын толыққанды жүргізуге мүмкіндік береді. Су тасқынына қарсы іс-шараларды одан әрі іске асыру үшін ТЖМ-нің бастамасымен өңірлік жоспарларға еріген және жаңбыр суының тасқынынан халықты қорғау деңгейінің индикаторы енгізілді, бұл олардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Төтенше жағдай министрі.
Бұған дейін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қарағанды облысындағы уланған балалардың жағдайы туралы айтты.