4 Тамыз 2026, 17:48 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Олжас Адай

Елімізде су тасқыны мен құрғақшылық туралы бірыңғай ерте ескерту орталығы құрылады

Қазақстанда су тасқыны мен құрғақшылық туралы жалпыұлттық ерте ескерту жүйесі әзірленіп, Су инновациялары орталығы құрылады: Су ресурстары және ирригация министрлігі халықаралық серіктестермен бірқатар келісімге қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Астанада «Қазақстанда су үнемдеуді ілгерілету: мемлекет пен халықаралық серіктестердің күш-жігерін үйлестіру» тақырыбында Су ресурстары және ирригация министрлігі жанындағы Су секторын дамыту жөніндегі серіктестердің үйлестіру кеңесінің III отырысы өтті.

Іс-шараға Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа, сондай-ақ сарапшылар, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының, шетелдік даму агенттіктерінің, дипломатиялық корпустың және бизнес қауымдастықтың өкілдері қатысты.

Отырысқа қатысушылар 2024-2030 жылдарға арналған Су саласындағы серіктестік бастамасының іске асырылу барысын, су үнемдеу саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтарын, реформалары мен даму перспективаларын, су шаруашылығын цифрландыруды, сондай-ақ суды тиімді үнемдеу мақсатындағы су инфрақұрылымын дамыту мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар серіктестік туралы келісімдерге қол қою рәсімі өтті. Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ пен Agip Karachaganak B.V. компаниясы арасында су тасқыны мен құрғақшылық туралы жалпыұлттық ерте ескерту жүйесін әзірлеу және су шаруашылығы инфрақұрылымы туралы деректерді біріктіру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Қазақстанда AquaLab су инновациялары, STEM-білім беру және экологиялық ағарту орталығын құру мақсатында «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ пен Caravan of Knowledge корпоративтік қоры арасында ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Сондай-ақ осы орталықты құру жобасын бірлесіп қаржыландыру және іске асыру жөніндегі үшжақты келісімге «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ, Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы және Coca-Cola компаниясының Орталық Азия мен Кавказдағы өкілдігі қол қойды.

«Су үнемдеу бүгінде жеке бір жұмыс бағыты емес, су ресурстарын басқарудың жаңа моделіне айналды. Бұл Қазақстан үшін ерекше маңызды, өйткені су қауіпсіздігі мәселелері экономиканың тұрақтылығымен, экологиялық әл-ауқатпен және халықтың өмір сүру сапасымен тікелей байланысты. Халықаралық ынтымақтастық бүгінде нақты нәтижесін беріп отыр. Ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып, суды басқарудың заманауи технологиялары енгізілуде, цифрлық шешімдер дамытылып, білім беру бағдарламалары кеңейтіліп, саланың кадрлық әлеуеті нығайтылып келеді. Сонымен қатар әрбір жоба су ресурстарын басқару саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналып, ұлттық басымдықтарды ескеріп, нақты әрі өлшенетін нәтиже беруі қажет. Инфрақұрылымдық шешімдер басқарудың заманауи технологияларымен қатар жүруі тиіс. Цифрлық құралдар бірыңғай ақпараттық кеңістікті қалыптастыруға қызмет етуі керек. Ал жаңа технологияларды енгізу білікті мамандар даярлаумен және суды ұқыпты пайдалану мәдениетін қалыптастырумен ұштасуы қажет», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Сондай-ақ, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілі де екі жыл ішінде Үйлестіру кеңесі жай ғана диалог алаңы емес, мемлекеттің, халықаралық серіктестер мен қаржы институттарының күш-жігерін біріктіретін тиімді тетікке айналғанын айтты. 

«Бұл жұмыстың шынайы құндылығы өткізілген кездесулердің санымен емес, бүгінде инвестициялық жобаларға ұласып, мемлекеттік саясатты жетілдіруге ықпал етіп жатқан бірлескен шешімдермен өлшенеді. БҰҰДБ осы үдерістің бір бөлігі болғанын мақтан тұтады және Қазақстанда су үнемдеу саясатын ілгерілету мен елдің ұзақ мерзімді су қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы қолдауын жалғастыра береді», – деді БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа.

Су секторын дамыту жөніндегі серіктестердің үйлестіру кеңесі 2024 жылдың қыркүйегінде Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының бастамасымен құрылған. Бүгінде кеңес құрамына 40-тан астам серіктес ұйым кіреді.