Елімізде су дипломатиясы бойынша мамандар даярланады – Ерғали Әуелхан

Техникалық ғылымдар кандидаты, қауымдастырылған профессор және Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың «Гидрогеология, инженерлік және мұнай-газ геологиясы» кафедрасының меңгерушісі Ерғали Әуелхан Мемлекет басшысының жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Профессор жерасты суын тиімді пайдалану керектігін атап өтті.

Президенттің жолдауын жауапкершілікпен тыңдадық. Қоғамдағы өзекті мәселелердің барлығы көтерілді. Соның ішінде Президенттің аса көңіл бөлгені - су шаруашылығы. Өздеріңіз білетіндей, Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылған болатын. Бір жылдың ішінде ауқымды жұмыс атқарғанын көріп отырмыз. Оның ішінде - жерасты сулары мәселесі. Бұл яғни министрліктің құрамындағы Гидрогеология қызметтің құрылуы - еліміздегі қордаланған 
көптеген мәселелерді шешуге үлкен бір қадам. Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті 90 жылдан бері елімізде гидрогеолог мамандарды даярлап келеді. Еліміздегі тоқырау заманында бұл салаға көңіл бөлінбей қалған еді. Қазіргі уақытта Гидрогеология өзекті екенін түсініп отырмыз. Себебі Орталық Азиядағы су тапшылығы күнен-күнге өсіп келе жатқанын байқап отырмыз. Сондай-ақ елдің экономикасын көтеруге, кез келген саланың су шаруашылығынсыз тасы өрге баспайтыны белгілі. ЖОО-да су шаруашылығына жаңа заманға сай мамандарды даярлауды қолға алып жатырмыз, - деді техникалық ғылымдар кандидаты, қауымдастырылған профессор Ерғали Әуелхан.

Ғалым бүгінде Су ресурстары және ирригация министрлігімен біздің ЖОО ғалымдары тығыз байланыс орнатып, бірігіп жұмыс істеп отырғанын мәлімдеді.

 Орталық Азияда Қазақстанға өзен-көлдердегі су көршілес мемлекеттерден келеді. Қазіргі уақытта су дипломатиясы деген де үлкен мәселе болып отыр. Биылғы жылы су дипломатиясы бойынша арнайы магистратурадан мамандық ашып, кадр даярлауды бастап отырмыз. Себебі барлық үлкен өзендердің бастауы көрші мемлекеттерден келеді. Бұл су дипламатиясы үлкен бір сала болмақ. Сондай-ақ дамуымызға өзінің үлкен әсерін тигізеді. Сол себептен гидрогеология, жерасты суын тиімді пайдалануды, ауыл шаруашылығына, өндіріске, халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге - барлығына тиімді болмақ. Бүгінде Су ресурстары және ирригация министрлігімен біздің ЖОО ғалымдары тығыз байланыс орнатып, бірігіп жұмыс істеп отырған жайы бар, - деді Ерғали Әуелхан.

Профессор ЖОО-да Қазақстанның гидрогеологиялық карталарын қайта жасаумен айналысып жатқанын атап өтті. 

Тағы бір айта кететін мәселе - өндірістік, қажетті қолданбалы гидрология. Біздің ЖОО-да қолданбалы гидрогеология қызметі ашылған. Осы орталықта біз Қазақстанның гидрогеологиялық карталарын қайта жаңғырту, жасаумен айналысып отырмыз, - деді «Гидрогеология, инженерлік және мұнай-газ геологиясы» кафедрасының меңгерушісі Ерғали Әуелхан.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы