Елімізде су деңгейі тағы көтеріле ме? - Сарапшылар жауап берді

Елімізде болып жатқан су тасқыны шарықтау шегіне қашан жетеді? Су қоймаларының жағдайы қалай? Келесі жылы бұл қауіптің алдын қалай аламыз? BAQ.KZ тілшісі сала мамандарынан сұрап білді.

Геология және минерология ғылымдарының кандидаты Медетхан Заппаров су тасқынын 60-70 пайызға болжауға болатынын айтады.

Келіп жатқан су тасқынының алдын алуға болатын еді. Ендігі амал келесі жылы дұрыс болжауымыз керек. Ол үшін мамандар қар мен жауын-шашынның қанша жауатынын, қанша жерден келетініне кешенді түрде жұмыс жүргізуге тиіс. Әрине, жағдайды дәл болжап айту мүмкін емес. Алайда 60-70 пайыз болжам жасауға болатын еді. Мұндай кезде мәселе мамандар тапшылығына келіп тіреледі, - деді Заппаров.

Заппаров енді су деңгейі сәуір айының басындағыдай көтерілмейтінін атап өтті.

Қазақстан мен Ресейде қардың бәрі еріді, алайда Ресейден келетін су легі енді ғана елімізге кіріп жатыр. Ол шарықтау шегіне жетуі үшін әлі де 10 күндей уақыт керек. Ресей биыл қыста қардың қалың болатынын, судың мол жиналатынын күтпеді. Өйткені олар да суды ауыл шарушылығына арнап көп жинап қалуға тырысады ғой... Бірақ мамандар күткен 80 пайыз нәтижеден су деңгейі асып кетті. Сондықтан көрші ел су қоймаларын ашып жіберуге мәжбүр болды. Менің ойымша, елімізде дәл алдыңғы аптадағыдай су баспайды, - деді ғалым.

Оның айтуынша, ғылыми түрде дәлелденген арнайы жоспар бар.

Су қоймаларына толған суды ауыл шарушылығына тиімді пайдалануымыз керек. Бұрын тартылып қалған көлдерді қалпына келтіруге ұмтылған жөн. Кейбір азаматтар жиналған суды Арал мен Каспий теңізіне құю керек деп жатыр. Алайда, ол ұзақмерзімді жұмыс әрі ғылыми негіздемесі болуға тиіс. Оның үстіне Каспий мен Арал теңізі мұхит деңгейінен биік ойпат жерде орналасқан. Сондықтан суды ол жаққа айдау мүмкін емес, арнайы су сорғыштар мен көп қаражат қажет, - деді Медетхан Заппаров.

Метеорология және гидрология кандидаты Айнұр Мусинаның сөзінше, елімізде су деңгейі көтерілді екен деп су қоймасын сала берудің керегі жоқ. Ол мұның себебін былай түсіндірді:

Биыл су деңгейі ең шекті мәндерден асып түсті. Су тасқыны климаттық белдеулерге сәйкес, әр өңірде әртүрлі көрініс табуда. Қазіргі таңда ғалымдар Жайық өзенінің шарықтау шегін күтуде. Оның деңгейі күніне 28 см көтеріліп жатыр. Өзен Ресейден бастау алып, Каспий теңізіне құяды. Ал Есіл өзені оңтүстік өңірден басталып, Солтүстікке қарай ағады. Есіл бойынша су басу кезеңдері өтіп кетті, бірақ елімізде одан басқа өзендер бар. Олардың кейбірі сәуірдің аяғына қарай тасуы мүмкін. Иә, біз су қоймаларында артық суды ұстап қала аламыз. Қойманың міндеттерінің бірі – ағынды реттеу. Су қоймасы өзен суы молайғанда жинап, азайғанда толтырып отырады. Алайда артық су аламыз деп су қоймаларын да сала берудің реті жоқ. Себебі су қойманың өзі де қауіп көзі. Ал егер салатын болсақ, ол аумақ әбден зерттеліп, өте іргелі жұмыстар жүргізуіміз керек, - деді Мусина.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы