Елімізде сотталғандардың 14 пайызы есірткі қылмысы үшін сотты болған
Мәжілісте өткен Үкімет сағатында депутат Дәния Еспаева есірткі қолданатындардың саны көбейіп кеткенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Соңғы он жылда дүние жүзінде есірткі қолданатын адамдардың саны 23 пайызға, яғни, 240 млн-нан 296 млн адамға дейін өскен. БҰҰ-ның мәліметінше, есірткіні пайдалану ауқымы және олардың заңсыз айналымы, әсіресе ұйымдасқан түрдегі айналымы, жаппай таралып, барлық елдердің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отыр, - деді Еспаева.
Депутат атағандай, мұндай проблема біздің елімізде де бар. Қазақстанда есірткінің жыл сайынғы заңсыз айналымы шамамен 25 тоннаны құрайды, оның 95 пайыздан астамы каннабис тобындағы есірткіге, 5 пайызға жуығы синтетикалық есірткіге, 1 пайыздан азы апиынға, героинге және заттардың өзге де түрлеріне тиесілі.
Уәкілетті органдар ұсынған статистикалық деректерге сәйкес, елімізде былтыр есірткі қылмысы үшін сотталғандар саны 3 425 адамды, ал биыл 10 айда 3 193 адамға жеткен, - деді Дәния Еспаева.
Бұл елдегі сотталған адамдардың жалпы санының 14 пайызы.